Пятница, 21 июня, 2024
Басты бетЖаңалықтарАлматы облысында жер сілкінісінен зардап шеккендер жоқ

Алматы облысында жер сілкінісінен зардап шеккендер жоқ

Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпараттық алаңында төтеншеліктер мәлімдеді.

Алматы облысы ТЖД басшысының орынбасары, полковник Данияр Қасымовтың айтуынша, қаңтардың 23-і күні түнгі сағат 00:09-де жер сілкінісінің алғашқы дүмпуі сезілген.

Мамандардың сөзіне құлақ түрсек, негізгі эпицентр, Алматы қаласынан оңтүстік-шығысына қарай 264 шақырым жерде орналасқан Қазақстан мен Қырғызстан мемлекеттерінің шекарасы аумағы болып табылады. Табиғи құбылыстың бастапқы ошағында магнитудасы 6 баллды көрсетсе, оңтүстік астанада жер дүмпуі 5 балл болып сезілген.
Баспасөз мәслихаты барысында Данияр Қасымов, ҚР ТЖМ «Сейсмология институты» ЖШС сейсмикалық станциялар желісімен дәл сол күні Алматы уақытымен сағат 00:42-де екінші рет жер сілкінісі тіркелгенін ашып айтты.

«Екінші рет тіркелген жер сілкінісінің эпицентрі, Алматы қаласынан оңтүстік-шығысына қарай 251 шақырым жерде, Қырғызстан мен Қытай мемлекеттерінің шекарасының аймағында тіркелгені анықталды. Бұл кезде Алматы қаласының тұрғындары 2 баллдық жер сілкінісін сезді»,-деп айтты спикер.

Жалпы, 23 қаңтарда түннен бастап 20 мәрте жер сілкінісі тіркелген екен. Баспасөз мәслихаты кезінде сөз алған Алматы облысы ТЖД Төтенше жағдайларды жою басқармасының бастығы азаматтық қорғау майоры Ерсін Жағыпаров, «жер сілкінісі кезінде Алматы облысында зардап шеккендер болған жоқ», деген мәлімдеме жасады.

«Алматы облысының Төтенше жағдайлар департаменті жергілікті атқарушы органдарға, Полиция басқармасына, Казселденқорғау, Прокуратураға және өзге де ұйымдарға дер кезінде табиғи құбылыс туралы хабарлады. Тұрғындарға «Дәрмен» мобильді қосымшасы арқылы хабарламалар уақытылы таратылып отырды»,-деді Ерсін Еділханұлы.

Естеріңізге саламыз, керегесін кеңге жайған жаңа облыста қазіргі таңда 655 нысан салынып жатыр. Аталмыш ғимараттардың сейсмикалық талаптарға сай келуіне тексерулер жүргізілген.

Алматы облысы мемлекеттік сәулет құрылыс басқармасының бөлім басшысы Ғабидет Азатұлының сөзіне сенсек, кешегі жер сілкінісінде жаңа нысандардың сапасына байланысты басқармаға арыз-шағым түспеген.

Алдағы уақытта да өңір аумағында бой көтерген ңысандардағы құрылыс-жинақтау жұмыстарының сапасы қатаң бақылауда болмақ.

RELATED ARTICLES

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз

- Advertisment -

Most Popular

Recent Comments