Site icon Атамекен

Алматы облысында су желілерінің 60 пайызға жуығының тозығы жеткен

Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында өткен баспасөз мәслихатында облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасының бөлім басшысы Қайсар Әбсейітов айтты.
Назым Текеспаева 13.01.2023

«Облыстағы су желілерінің жалпы ұзындығы – 5128 км. Оның ішінде, 57,7%-ның тозығы жеткен. 2959 шақырым су құбырын қайта жөндеуден өткізу қажет», – деді маман.

Оның айтуынша, осы уақытқа дейін сумен жабдықтау құрылыстары бойынша 28 жобаны іске асыру үшін бюджеттен 9,5 млрд. теңге бөлінді. 2022 жылы Кеген және Талғар аудандарындағы 2 нысанның құрылысы аяқталды. Сондай-ақ өткен жылы қаражаты игерілмей қалған жалпы сомасы 1,1 млрд теңгені құрайтын 5 нысанның қаржысын қайтаруға аудандардан ұсыныс түскен. Олар: Қарасай, Ұйғыр, Райымбек, Талғар аудандары.

«Аталған 28 жоба аяқталса 534 шақырым су желісі салынады және қайта жөндеуден өтеді. Нәтижесінде сумен жабдықтау желілерінің тозуы 57,7%-дан 47%-ға дейін төмендейді», – деді Қайсар Әбсейітов.

Айта кетейік, қазіргі таңда Алматы облысындағы елді мекендердің 92,7 пайызы орталықтандырылған ауыз сумен қамтамасыз етілген. Биыл мамандар бұл көрсеткішті 94 пайызға жеткізуді көздеп отыр.

Exit mobile version