Пятница, 27 декабря, 2024
Басты бетЖаңалықтарТамара Дүйсенова «Ауыл аманаты» бағдарламасының Алматы облысында жүзеге асу барысымен танысты

Тамара Дүйсенова «Ауыл аманаты» бағдарламасының Алматы облысында жүзеге асу барысымен танысты

Ауыл тұрғындары табысын арттыруға арналған «Ауыл аманаты» бағдарламасына сұраныс жоғары. Себебі, 2,5% үстемемен берілетін жеңілдетілген шағын несие арқылы өз ісін бастаған жандар көп. Бүгінде бағдарлама жетілдірілуде және ашылған кәсіптің тұрақтылығын қамтамасыз ету үшін шаруалар өндірген өнімін өткізу жолдарын нақтылау белсенді жүріп жатыр.

Алматы облысына жұмыс сапарымен барған ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Тамара Дүйсеноваға бағдарламаның іске асырылу барысы таныстырылды.

Талғар ауданындағы негізгі жобалардың бірі – «Green Eco» ЖШС жылыжай кешені. Бүгінде мұнда «Ауыл аманаты» бағдарламасы арқылы 10 адам несие алған. Серіктестік оларға өсімдік шаруашылығын жүргізуге қатысты жан-жақты қолдау көрсетіп отыр. Қажетті тұқым ұсынып қана қоймай, шаруаларды оқытып, жылыжай таңдау ісінде, шығарған өнімін сатуға бағыт-бағдар беріп жүр. Кешенде көкөністің 30 түрінен айына 60 тонна өнім шығарылады. Сондықтан кешен аумағын кеңейтіп, өнім көлемін 100 тоннадан асыру жоспарланып отыр.

Аудандағы ірі нысандардың бірі «Байсерке Агро» серіктестігі де бағдарламааға қатысушылармен ынтымақтаса отырып, мал сатып алып, өнімді қайта өңдеуге тапсырып, экспортты ұйымдастыруда.

 

Еңбекшіқазақ ауданында тәулігіне 300 тонна жеміс пен көкөністер өңдеуге қабілетті «Есік жеміс консерв зауыты» жұмыс істейді. Зауыт жергілікті тұрғындардан жеміс-жидек өнімдерін қабылдап, өңдейді. Компанияның бас директоры Ерік Айдарбаев «Ауыл аманаты» аясында кәсібін кеңейтуге ниеттілермен тиісті меморандум жасасып, өсірген өнімдерін сатып алуға мүдделі екенін жеткізді. Тіпті ол үшін қажетті тұқымын беріп, тамшылатып суару әдісімен қолдау көрсетуге әзір екенін білдірді. Өңірдегі өндіріс ошақтары тұрғындарының табысын арттыруды көздейтін бағдарламаны нәтижелі жүзеге асыруға мүмкіндік туғызады. Тамара Дүйсенова жергілікті әкімдікке ұтымды жоспарлау тетігін пайдаланудың маңызды екенін атап өтті.

 

Вице-премьер Ақсеңгір, Панфилово, Арқабай, Қайнар ауылдарының тұрғындарымен кездесті. Жұмыс сапары аясында өңірде «Ауыл аманаты» жобасын іске асыру бойынша кеңес ұйымдастырылды. Оған аудан және ауылдардың әкімдері, жауапты басқарма басшылары қатысты. Несие алушылардың көбі мал шаруашылығы бағытын таңдаған. Биыл өзге салаларға басымдық беру көзделіп отыр. Сондай-ақ өтінім беру ісін автоматтандыру бойынша ақпараттық жүйе енгізіліп жатыр. Осылайша, шалғайдағы ауыл тұрғындарының облыс орталығына бару қажеттілігі жойылады.

Жиын барысында Балқаш, Жамбыл, Қарасай, Талғар аудандарының әкімдері негізгі кооперация бағытында атқарылып жатқан шаралар туралы есеп берді.

 

«Мемлекет тарапынан азаматтарды қолдауға бағытталған бірқатар бағдарламалар жүзеге асырылып жатыр. Егер ауыл тұрғындарының жағдайын жақсартамыз десек, «Ауыл аманаты» жобасымен қатар, жастарға берілетін гранттар мен жеңілдетілген несиелер, «Ауыл – ел бесігі», субсидияланатын жұмыс орындары секілді қолдау шараларын бірлесе қолданған жөн. Бұл ретте облыс әкімдігі мен мүдделі орталық мемлекеттік органдардың жүйелі әрі үйлесімді жұмысы қажет», — деп атап өтті Тамара Дүйсенова.

RELATED ARTICLES

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз

- Advertisment -

Most Popular

Recent Comments