Четверг, 25 апреля, 2024
Басты бетТәуелсіздікке 30 жылТәуелсіздік мәңгі болсын тұғырың

Тәуелсіздік мәңгі болсын тұғырың

 

  Сонау өткен ғасырлардан бері ата-бабамыздың арманы болып келе жатқан ел тыныштығы мен жер иелігі бүгінгі таңда ұрпақтарына бұйырды. Жеке мемлекет болып шекара бекітіп, рәміздерімізді түгендеп, төл теңгемізді шығарып бейбіт елде өмір сүріп жатқан біздің сірә, арманымыз жоқ шығар. Бірақ, осы баға жетпес байлығымызды, асыл мұрамызды, найзаның ұшымен, білектің күшімен алған Тәуелсіздігімізді қос қолымен ұрпағына, яғни бізге аманат етіп тастап кеткенін бүгінде біреу білсе, біреу білмейді. Білмейді емес, нақты айтқанда, біледі, тек қадіріне жетпейді… Десек те, көпке топырақ шашудан аулақ халықпыз.

  Бұл тұғыры биік тәуелсіздік қай заманғы арман еді. Оған қол жеткізу үшін маңдайында соры бес елі қазақтың басынан не өтпеді? Тарихты тағлымға ала отырып баяндасақ, бұл Тәуелсіздіктің тамыры тереңде. Ендеше тарихтың сарғайған парағын қайта ашып, дәріптейік. Сонау ғасырларда жоңғарлармен алысқан ата-бабаларымыз қанын төгіп, қаншама жесір мен жетімнің көз жасымен келген бостандықты бағалау біздің ел алдында да, жер алдында да мүлгімес парыз. Қиын-қыстау заманның жалғасы ашаршылықпен ұласқан «Елім-ай»-лаған қаусаған қарт пен құр қалжасы қалған қазақ әйелдері, ботадай боздаған балалар мен емшек сүтін аңсаған бесіктегі сәбидің мұң-зарының көрінісі емес пе? Одан бертін келе Кеңестің заманында 70 жыл бойы тәуелсіздікті аңсап еріндері кезерген небір боздақтарымыз бен зиялы қауымдарымыз өскелең ұрпағының болашағы үшін жанын пида етіп, басын қатерге тікті. Өз тәуелсіздігімізді армандап жүргенде Одаққа қауіп төніп атың өшкір Гитлердің дәурені келіп, бізді, жалпы Одақты билеп-төстегісі келді. Көп өтпей Ұлы Отан соғысы да басталып кетті. Соғысқа өз еркімен аттанған қазақ тумалары «Отан үшін» деп барын салды, жанын берді. Мұның бәрі әрине елдің жарқын болашағы мен кемелді келешегі үшін екені тайға таңба басқандай анық, әрі айқын! Елге жеңіспен оралып, діттеген мақсатқа жетті. Ал, сосын ше? Ызғарлы Желтоқсан оқиғасы… Бұл желтоқсан қай-қайсысының да қабырғасын қайыстырмай қоймады. Кілең қазақ жастары… Алаң… Аяусыз соққылар мен төгілген қасық қан…  Бәрі, бәрі қазақтың тәуелсіз, емін-еркін өмір сүруі үшін! Сол ызғарлы желтоқсанның арқасына жасырынып тәуелсіздік таңы атып келе жатыр еді. Осылайша, 1991жылы 16 желтоқсан күні  Қазақстан Республикасы деген атаумен жеке мемлекет болып, Тәуелсіз ел екендігін ескертіп, шекарасын бекітті. Біздің Тәуелсіз ел екенімізді алғаш мойындаған ел, өзіміздің бауырарымыз, түркі елі – Түрік мемлекеті болды. Сол елдегі қазақ баурларымыз қақаған қыстың аязында сыртқа шығып, ақ қар, көк мұзға тізерлеп тұрып намазын оқып шүкіршілік етті. Міне, тәуелсіздіктің тәтті дәмі! Қазақстан Республикасының тұңғыш президенті болып Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев сайланды. Ел игілігі үшін аянбай еңбек еткен ердің бірі осы кісі еді. Ақырын аяңдай отырып, тәуелсіздіктің символы ретінде рәміздерімізді жинақтадық, төл теңгемізді шығардық.

Көтер қане енді Алашым еңсені,
Енді Одақтың өткір емес семсері.
Тәуелсіздік таңыменен бақ қонды
Алты Алаштың маңдайына бес елі!

Атты міне Тәуелсіздік ақ таңы,
Қазағымның жарқырайды аспаны.
Аналардың зарыменен келіп ед,
Бабалардың төгіліп ед жас қаны. 

Бүгінде бейбіт елдің білімді ұрпақтары еліміздің босағасын берік ұстап, тәуелсіз туын желбіретіп отыр. Биыл, 2021жыл  Тәуелсіздігімізге 30 жыл! Бұл 30 жыл әрине оңай болған жоқ. Жаңадан еншісін алған шаңырақ қатарына қосылып, өз қолы өз аузына жеткенше қиыншылық болды. Әсіресе, 90-жылдардың басы мен ортасында халық қиыншылықпен күресті. Сол қиыншылықтан патшамыз аман алып шыға білді. Бертін келе, еліміз өсіп-өркендеп, дамушы елдер қатарына да қосылдық. Тұңғыш президентіміз кешегі жылы аяқ асты шешімі бойынша  өз еркімен өкілеттілігін тоқтатқанымен, «Елбасы» болып қала берді. Әрине, бұл халықтың президентімізге деген ыстық ықыласы мен ерекше алғысының бірден-бір көрінісі болатын. Қазір мемлекет басшысы, президент – Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев.

  Қазіргі таңда бүкіл әлемде болып жатқан пандемия елдің қабырғасын қайыстырып, көзді мұң шалдырды. Дегенмен, елдің екінші президенті мемлекеттің тыныштығы мен халықтың денсаулығы үшін аянбай еңбек етіп, елбасының қаһармандығын қайталауда. Бейбіт елдің осындай Тәуелсіз таңдарында ел игілігі үшін басын қатерге тіккен басшыларымыздың арқасында еліміз тыныш түндер мен көңілді күндерді өткізуде. Ал, сол елдің жас жеткіншектері туымызды желбіретіп, елге адал қызмет атқарып, бабалардың ізін жалғап келеді. Тәуелсіз атқан таңдарымыз үшін біз елдің  болашақ басшылары – ата-бабамыз бен батырларымызға, елбасы мен ел басшысына алғысымызды білдіреміз. Сіздер де біздей едіңіздер, біз де сіздердей боламыз!

Өткен жылдар сала алмады құрығын,
Қазағым-ау биік енді тұғырың!
Мақтанамын көкірекке қол қойып,
Тәуелсіздік мәңгі болсын тұғырың!

Ақерке Ізтілеуова,

Саурық батыр орта мектебінің қазақ тілі және әдебиеті пәнінің мұғалімі

RELATED ARTICLES

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз

- Advertisment -

Most Popular

Recent Comments