Агроөнеркәсіптік кешенге АЭС сияқты сенімді энергия қажет – фермерлер
АЭС салуды қолдау жөніндегі Халықтық штаб Қазақстанның ірі заманауи агрофермаларының бірі «Dinara-Ranch» ұжымымен кездесу өткізді. Кездесуде атом энергетикасының Қазақстанның энергетикалық болашағы мен экологиялық қауіпсіздігіне тигізетін әсері жан-жақты талқыланды.
Жиында Халықтық штаб мүшесі, Мәжіліс депутаты Максим Рожин сөз сөйлеп, Қазақстанның қазіргі энергетикалық ахуалына тоқталды. Оның айтуынша, елімізде электр энергиясы тапшылығы күннен-күнге артуда, ал көмір электр станциялары экологияға зиян келтіріп, климаттың өзгеруіне себеп болып отыр.
«Қазіргі таңда әлем елдері климаттың өзгеруі мен экологияның нашарлауынан түрлі сын-қатерлерге тап болып отыр. Қазақстан да бұл проблемалардан тыс қалған жоқ. Ресми мәліметтерге сәйкес, бүгінде еліміз жан басына шаққандағы көмірқышқыл газының шығарындылары бойынша әлемдегі алдыңғы орындардың бірін алады. Бұл – өкінішті. Себебі әлем бойынша өкпе ауруларынан мыңдаған адам қайтыс болады. Сол себепті көміртегі қалдығын азайту үшін біз өндіріске инновациялық технологияларды кеңінен енгізуіміз қажет. АЭС құрылысы – ауаға зиянды қалдықтар шығармайтын және елдегі энергия тапшылығын шешетін бірден-бір тиімді жол. Бейбіт атом технологиясы бізге экологиялық таза әрі сенімді энергия көзін қамтамасыз етеді», – деді Максим Рожин.
Сондай-ақ ол атом электр станциясын салу Қазақстанның энергетикалық тәуелсіздігін нығайтып, жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік беретінін де атап өтті. АЭС арқылы еліміз тұрақты энергия көзіне ие болып, ауыл шаруашылығы секілді маңызды салалардың да дамуына серпін береді.
Кездесу барысында «Dinara-Ranch» ұжымы да өз пікірлерін білдіріп, АЭС жобасын қолдайтындарын жеткізді. Ауыл шаруашылығы саласындағы ферма басшылығы тұрақты және сенімді энергияның маңыздылығын ерекше атап өтті.
«Ауыл шаруашылығы – бұл тек табиғи ресурстарға ғана емес, тұрақты энергияға да тәуелді сала. Біз үшін өнімдерді өндіру, сақтау және қайта өңдеу барысында электр энергиясы басты рөл атқарады. АЭС салу арқылы біз тұрақты энергия көзін қамтамасыз етеміз. Бұл – ауыл шаруашылығы саласының дамуына жаңа мүмкіндіктер ашады», – деп атап өтті ферма басшыcы Бақыт Атайбеков.
Жиын соңында Халықтық штаб өкілдері алдағы референдумның маңыздылығын тағы да атап өтіп, ферма қызметкерлерін ел болашағы үшін дауыс беруге шақырды.