2023 жылдың 23 қазанында ҰҚК Шекара қызметі Алматы облысы бойынша департаментінің шекарашылар сапын жаңадан толықтырған 600-ге тарта сарбазына арналған ант қабылдау рәсімі өтті.
Аталған департаментке қарасты Қарасай ауданы бойынша шекара басқармасының Ақжар ықшамауданында орналасқан кәсіптік-техникалық және дайындық бөлімінде өткен салтанатты шараға сарбаздардың ата-аналары мен туыстары, достары қатысу үшін алыстан ат арылтып жетті. Сондай-ақ, Отан қорғаушыларымыздың қатарына тұрған жас азаматтардың өміріндегі маңызды оқиғаға ортақтасу үшін Шекара қызметінің ардагерлері келді.
Рәсімді Алматы облысы бойынша департаментінің бастығы полковник Әлібек Каюпов ашып, «Күз-2023» шақырылымымен амандасты. Сол екен, сапқа тұрған сарбаздар біркелді дауыспен: «Саулығыңызды тілейміз, полковник мырза!» деп жауап берді. Осыдан кейін департамент бастығының бұйрығымен, алаңды кесіп өткен Жауынгерлік ту көтерушілер тобы әскери тәртіпке сай, өз орындарына барып тұрды. Бұл – мемлекеттік туды көтеретін маңызды сәттің келіп жеткенін білдіретін еді.
Сарбаздардың ант қабылдар сәті. Бұл күнге олар бір ай бойы дайындалды. Саптық дайындықтарын шыңдай жүріп, әскери өмірге қалыптасудан өтті. Осы аралықта бірде бір сарбаз әскерде қызмет атқарудан бас тартқан жоқ. Есесіне, араларынан мерзімді қызметтен соң әскерде қалғысы келетін немесе әскери жоғары оқу орындарына түскісі келетін сарбаздардың қатары уақыт өткен сайын көбейіп келеді. Бұған дер кезінде жүргізілген үгіт-насихат жұмыстарының да тигізген көмегі орасан.
… «Мен, қатардағы жауынгер…». Осылай жалғасып кете беретін мәтінді асқақ үнмен оқыған әрбір жауынгерді департамент басшысы бастаған қонақтар құттықтап, оларды алда күтіп тұрған жас жауынгерлер курсын сәтті аяқтап, қасиетті еліміздің шекарасында қызмет етуге тілек білдірді.
Иә, оларды алда еліміздің қасиетті шекарасы күтіп тұр. Ал шекараға білімді де білікті мамандар қажет. Бұл үшін сарбаздар Қарасай ауданы бойынша шекара басқармасының оқу базасында байланысшы, аспаз, санитарлық нұсқаушы секілді мамандықтарды игеретін болады.
…Салтанатты ант қабылдау рәсімін жалғастырған жиында департамент бастығы полковник Ә.Каюпов, Шекара қызметінің ардагерлері, сондай-ақ сарбаздар атынан қатардағы жауынгерлер Дамир Сұлтанкерей және Павел Касьяненколарға берілді. Шекарашы атанып, ата-аналарының көз қуаныштарына айналған қос сарбаз қаруластарын Отандарына адал қызмет етуге шақырды. Өйткені шекарада қызмет ету – әркімге бұйыра бермейтін бақ.
Қасиетті шекарамыздың сызатсыздығына ерен үлес қосқан сарбаздарды еліміздің ондаған жоғары оқу орындары мен отандық және шетелдік әскери білім ұстаханалары күтіп тұр. Қайсысын таңдаймын десе де сарбаздың өз еркі. Міне, рәсім аяқталып, шағын концерт өткен соң ата-аналардың алдында сөз сөйлеген департамент офицері майор Р.Смаилов мерзімді қызметтің сарбаздарын азаматтық өмірде зор мүмкіндіктердің күтіп тұрғанын жеткізді.
Тамара ДӘУЛЕТБАЕВА,
ҰҚК Шекара қызметінің запастағы подполковнигі