Site icon ATAMEKEN

Адам денсаулығы – мемлекет дамуының басты құндылығы

Жаңа Конституция аясында денсаулық сақтау саласының жауапкершілігі мен міндеттері

2026 жыл Қазақстан Республикасының қоғамдық-саяси және құқықтық дамуында маңызды кезең ретінде тарихта қалды. 15 наурызда республикалық референдумда қабылданған жаңа Конституция елдің негізгі құқықтық қағидаттарын айқындап, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғаудың негізін нығайтты.

Мемлекеттің басты байлығы – оның халқы. Ал халықтың әл-ауқаты мен елдің тұрақты дамуы, ең алдымен, азаматтардың денсаулығына тікелей байланысты. Сондықтан денсаулық сақтау саласын дамыту, медициналық көмектің сапасы мен қолжетімділігін арттыру – мемлекет пен қоғам алдындағы маңызды міндеттердің бірі. 

Жаңа Конституцияның 32-бабында Қазақстан Республикасы азаматтарының денсаулығын сақтауға құқығы бекітілген. Сондай-ақ заңда белгіленген медициналық көмекті ақы төлемей алу құқығы қарастырылған. Бұл нормалар денсаулық сақтау жүйесінің адам мүддесіне бағытталуының және азаматтардың денсаулығын қорғаудың конституциялық негізін айқындайды.

Медициналық ұйымның басшысы ретінде мен азаматтардың денсаулығын қорғауды тек кәсіби міндет қана емес, үлкен қоғамдық жауапкершілік деп санаймын. Әрбір пациентке сапалы әрі уақтылы медициналық көмек көрсету, оның құқығы мен қадір-қасиетін құрметтеу, медициналық этика талаптарын сақтау – біздің күнделікті жұмысымыздың басты қағидаттары.

Бүгінгі таңда денсаулық сақтау жүйесінің алдында бірқатар маңызды міндет тұр. Олардың қатарында аурулардың алдын алу шараларын күшейту, профилактикалық тексерулерді тиімді ұйымдастыру, халық арасында салауатты өмір салтын насихаттау, медициналық қызметтердің сапасын жетілдіру және заманауи технологияларды енгізу бар. Әсіресе ауылдық жерлердегі тұрғындар үшін медициналық көмектің қолжетімділігін арттырудың маңызы зор.

Бұл міндеттерді жүзеге асыруда медицина қызметкерлерінің кәсіби біліктілігімен қатар, олардың адамгершілік қасиеттері мен азаматтарға деген жанашырлығы да ерекше рөл атқарады. Дәрігер мен пациент арасындағы сенім – емдеу үдерісінің маңызды бөлігі. Әрбір адамның денсаулығына жауапкершілікпен қарау, медициналық құпияны сақтау және пациенттің заңды құқықтарын құрметтеу – медициналық ұйым қызметінің ажырамас бөлігі.

Сонымен бірге денсаулықты сақтау тек медицина қызметкерлерінің міндеті емес. Бұл – әрбір азаматтың да ортақ жауапкершілігі. Уақытылы дәрігерге қаралу, профилактикалық тексерулерден өту, екпе алу жөніндегі медициналық ұсынымдарды орындау және салауатты өмір салтын ұстану көптеген аурудың алдын алуға мүмкіндік береді. 

Медициналық ұйым басшысы ретінде ұжымның кәсіби әлеуетін арттыруға, қызмет көрсету мәдениетін жетілдіруге және халықтың сенімін нығайтуға басымдық беремін. Себебі сапалы медициналық қызмет – тек емдеу нәтижесімен ғана емес, пациентке көрсетілген құрметпен, түсіністікпен және жауапкершілікпен де өлшенеді. 

Қорыта айтқанда, жаңа Конституцияда бекітілген денсаулықты сақтау құқығы денсаулық сақтау жүйесінің алдында тұрған міндеттерге айқын бағдар береді. Осы құқықты іске асыруда мемлекеттік органдардың, медициналық ұйымдардың, медицина қызметкерлерінің және қоғамның бірлескен жұмысы маңызды. 

Халық денсаулығын қорғау – ортақ міндет, ал әрбір азаматтың өмірі мен денсаулығына қамқорлық жасау – біздің басты адамгершілік әрі кәсіби парызымыз.

Автор:Жамбыл көпбейінді аудандық орталық аурухана директоры Калиев Асқар Саулебекұлы.

Exit mobile version