Site icon ATAMEKEN

Адам денсаулығы – мемлекет назарындағы басты құндылық

Адам өміріндегі ең қымбат байлық – денсаулық. Денінің саулығы бар адам отбасына қамқор болып, қоғамның дамуына үлес қосып, алдына қойған мақсатына жете алады. Сондықтан азаматтардың өмірі мен денсаулығын қорғау – кез келген өркениетті мемлекеттің басты міндеттерінің бірі. Бұл ретте Қазақстан Республикасының Конституциясы айрықша маңызға ие.

Дәрігер ретінде мен Ата Заңның қоғам өміріндегі рөлін күнделікті қызметіммен тығыз байланыстырамын. Өйткені медицина саласының негізгі мақсаты – адам өмірін сақтау, денсаулығын нығайту және әр азаматтың сапалы медициналық көмек алуына жағдай жасау.

Конституцияда адамның өмір сүру құқығы, денсаулығын қорғау және заң аясында медициналық көмек алу мүмкіндігі бекітілген. Бұл – жай ғана құқықтық норма емес, мемлекет пен қоғам алдындағы үлкен жауапкершіліктің көрінісі. Әрбір азаматтың денсаулығы маңызды екенін айқындайтын осындай қағидаттар еліміздің әлеуметтік саясатының да негізгі бағыттарының бірі болып саналады.

Соңғы жылдары елімізде денсаулық сақтау саласын дамытуға, медициналық қызметтің қолжетімділігін арттыруға, ауылдық жерлердегі медициналық инфрақұрылымды жақсартуға ерекше көңіл бөлініп келеді. Заманауи медициналық нысандардың ашылуы, емдеу мекемелерінің жабдықталуы, дәрігерлердің кәсіби біліктілігін арттыруға бағытталған жұмыстар – осы бағыттағы маңызды қадамдар.

Әсіресе ауыл медицинасының дамуының маңызы зор. Себебі шалғай елді мекендердегі тұрғындар да сапалы медициналық қызметке қол жеткізуге тиіс. Адам қай жерде өмір сүрсе де, оның денсаулығы мен қауіпсіздігі мемлекет назарынан тыс қалмауы керек.

Дегенмен денсаулықты сақтау тек дәрігердің немесе мемлекеттің міндеті емес. Бұл – әр адамның өзіне деген жауапкершілігі. Уақытылы тексерілу, дұрыс тамақтану, дене белсенділігін сақтау, зиянды әдеттерден аулақ болу – салауатты өмір салтының негізгі шарттары. Біз тұрғындарға тек ем-дом көрсетіп қана қоймай, аурудың алдын алу мәдениетін қалыптастыруға да атсалысуымыз қажет.

Меніңше, Конституцияның құндылығы – оның әр адамның күнделікті өмірімен сабақтасуында. Адамның өмірі қорғалып, құқығы сақталып, денсаулығына жағдай жасалған қоғамда сенім де, тұрақтылық та нығая түседі.

Біз дәрігерлер үшін әрбір сақталған өмір, әрбір сауығып шыққан науқас – ең үлкен жетістік. Ал дені сау ұлт – қуатты мемлекеттің негізі. Сондықтан Ата Заңда айқындалған адам құқығы мен денсаулығын қорғау қағидаттарын құрметтеу, оны күнделікті өмірде жүзеге асыру – баршамызға ортақ міндет.

Конституция – адамға берілген құқықтардың кепілі. Ал сол құқықтарды қадірлеп, дені сау қоғам қалыптастыру – жарқын болашаққа бастайтын ортақ жолымыз.

Зинаш Көпжасарқызы, денсаулық сақтау саласының ардагері

Exit mobile version