30 маусым күні Алмалыбақ ауылындағы футбол алаңында 10 жасар Михаил Головачевке ит шабуыл жасап, бала ауыр жарақат алды. Оқиға орнына құзырлы органдар келгенше дер кезінде жеткен ауыл тұрғыны Серік Сақайбаев өміріне төнген қауіпті елемей, итке қарсы тұрып, оны бейтараптандырып, баланы өлім аузынан арашалап қалды. Бұл – нағыз азаматтық батылдық пен шынайы ерліктің үлгісі.
Серік Сақайбаевтың батылдығы елеусіз қалмады. Оған құрмет көрсету мақсатында арнайы марапаттау шарасы ұйымдастырылды. Шара барысында Қарасай ауданы әкімінің міндетін атқарушы Рустам Атшабаров Серік мырзаға Алғыс хат пен демеушілер атынан қаржылай сыйлық табыстады.
Сонымен қатар, мерекелік жиынға аудандық полиция басқармасының басшысы Нұсқабек Зауланбаев пен төтенше жағдайлар бөлімінің басшысы Бағдат Шәріпбеков арнайы келіп, Серік Сақайбаевқа Алғыс хаттар мен естелік сыйлықтар тапсырды. Қарасай аудандық ақсақалдар кеңесінің төрағасы Сағат Мәсімақынов өз батасын беріп, бұл ерлік елге үлгі болатынын атап өтті.
Бұл оқиға – әрбір азамат үшін үлкен сабақ. Қоғамдағы бейқамдық пен салғырттық адам өміріне қауіп төндіретіні анық. Заңсыз және бақылаусыз ит ұстау деректері анықталған жағдайда тұрғындар құқық қорғау органдарына немесе аудан әкімдігіне дереу хабарлауы тиіс.
Қарасай ауданы әкімдігі Михаилдың тезірек сауығып кетуін тілей отырып, бұл істі толық бақылауда ұстап отыр. Адам өмірі мен қоғамдық қауіпсіздік – біздің ең басты құндылықтарымыз.
Адам өмірі мен қоғамдық қауіпсіздік – біздің ең басты құндылықтарымыз
RELATED ARTICLES