Site icon ATAMEKEN

Алатау ауданы – болашақ қаланың үлгісі

Алматының Алатау ауданы күн санап өзгеріп жатыр. Бұрынғы қала шетіндегі аумақ бүгінде жаңа мектептер, заманауи қоғамдық кеңістіктер, инженерлік желілер мен жолдар арқылы өркениетті қалаға айналуда.

Ауданның дамуын цифрлардан гөрі нақты көріп, байқап, сезінуге болатынын Регионалдық коммуникациялар қызметі ұйымдастырған баспасөз туры көрсетті. БАҚ өкілдері бірнеше әлеуметтік және инфрақұрылымдық нысандарды аралап, өзгерістерді өз көздерімен көрді.

Алатау ауданының әкімі Данияр Кирикбаев әрбір жобаның маңызы, мерзімі мен тұрғындар үшін пайдасы туралы толық ақпарат берді.

Аудан тарихы мен бүгіні

Алатау ауданы – Алматының салыстырмалы түрде жас ауданы. Ол 2008 жылы 4 шілдеде құрылған. Бүгінде оның аумағы 105 шаршы шақырым, халқы 364 мың адамға жуықтаған.

Бүгінде мұнда тез өсіп келе жатқан қалаға тән міндеттер шешілуде: мектептер салу, жолдар мен инженерлік желілерді дамыту, қоғамдық кеңістіктерді абаттандыру. Алатау бірнеше бағытта бірдей дамып келеді.

Жаңа мектеп – білімнің заманауи орталығы

Пресс-турдың алғашқы нүктесі – Ақмаржан шағынауданындағы №230 жаңа жалпы білім беретін мектеп. Ол 2000 оқушыға арналған және «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында салынған.

Бүгінде Алатау ауданында 35 мектеп жұмыс істейді. Биыл екі заманауи мектеп ашылып, оның бірі – №230. Қазірдің өзінде 1700-ден астам бала орын алған. 1 қыркүйекке дейін мектеп оқушыларды толық қабылдауға дайын болады.

Мектеп іші заманауи білім орталығын еске түсіреді: информатика, робототехника, физика, химия, биология кабинеттері, STEM-зертхана, кітапхана, арнайы шеберханалар бар. Инклюзия кабинеттері мен сенсорлық бөлме ерекше қажеттіліктері бар балаларға арналған.

Қауіпсіздікке ерекше назар аударылған: бейнебақылау жүйелері, Face ID бақылау жүйесі, оқушылар ағынын бөлу қарастырылған. Ғимараттың сейсмотөзімділігі – 10 балдан астам.

Сыртында стадион, спорт алаңдары, теннис корты, амфитеатр бар. Акт залы 380 адамға, асхана 440 адамға есептелген. Бұл – баланың білім алып, спортпен шұғылданып, шығармашылығын дамытып, қарым-қатынас жасайтын кеңістік.

Қоғамдық кеңістік – қала ауладан басталады

Келесі нүкте – Нұркент шағынауданындағы қоғамдық кеңістік. Абаттандыру жұмыстары мамырда басталып, қазір белсенді кезеңде. Жоба аумағы 3,5 гектар, жақын маңдағы үйлердің 1800-ден астам тұрғынына арналған.

Жобада 5,8 мың шаршы метр тас төсеу, 22 мың шаршы метр газон, 4,3 мыңнан астам бұта көшеті, 40 орындық, 21 кіші сәулеттік форма, 120 жарықтандыру бағанасы қарастырылған.

Инженерлік инфрақұрылым – қаланың негізі

Пресс-тур Теректы шағынауданында аяқталды. Мұнда сумен жабдықтау және су бұру желілерін дамыту жобасы жүзеге асырылуда. 92 шақырымнан астам су құбыры мен кәріз желілері салынады. Жұмыс аяқталғаннан кейін 1700-ге жуық жеке үй (9 мың адам) орталықтандырылған қызметпен қамтылады.

2026 жылы бірнеше шағынауданда 135,9 шақырым сумен жабдықтау және кәріз желілерін салу аяқталады. Бұл 34 мың тұрғынды орталықтандырылған коммуналдық қызметтермен қамтамасыз етеді.

Экономикалық даму

2026 жылдың бірінші тоқсанында ауданнан мемлекеттік бюджетке 45,9 млрд теңге түсті. Қаңтар-ақпанда өнеркәсіп өндірісінің көлемі 212,6 млрд теңгені құрады. Алатау ауданы Алматының өнеркәсіп өндірісінің 37,1% -ын береді.

Аудан жолдарын дамыту да жалғасуда. 2026 жылы ұзындығы 78,3 шақырым жобалар басталып, 163 көшені (107 шақырым) орташа жөндеу жоспарлануда. «Халық қатысатын бюджет» бағдарламасы аясында 2,5 млрд теңгеге 43 абаттандыру жобасы анықталған.

Алатау біртіндеп тек жаңа құрылыс аумағы емес, мегаполистің маңызды экономикалық және әлеуметтік даму орталығына айналуда.

Exit mobile version