Алатау қаласының инвестициялық әлеуеті артып, жаңа өндіріс орындары мен ірі инфрақұрылымдық нысандарды іске асыру жұмыстары жалғасуда. Өткен жылы қала экономикасына негізгі капиталға 115,8 млрд теңге инвестиция тартылды. Ал биылғы жылдың алғашқы 9 айында бұл көрсеткіш 70,2 млрд теңгені құрап, инвестицияның нақты көлем индексі 160,7%-ға жетті.
Бұл туралы Алатау қаласының әкімі Әркен Өтенов Алматы облысының Өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында өткен баспасөз мәслихатында мәлімдеді.
Қала әкімінің айтуынша, қазірде Алатаудың инвестициялық пулында 60-тан астам жоба бар. Олардың қатарында өндіріс, логистика, сауда, қызмет көрсету және жаңа технологиялар салаларын қамтитын ауқымды бастамалар бар. Атап айтқанда, инвестициялық құны 50 млрд теңгеден асатын бірқатар ірі жоба жүзеге асырылуда.
Олардың қатарында PepsiCo компаниясының тұзды тағамдар өндіретін зауыты, «Гриффин Логопарк» А сыныбындағы логистикалық кешені, G-Trans Service индустриялық-логистикалық хабы, Mars компаниясының үй жануарларына арналған азық өндіретін зауыты бар.
«Urban Air Mobility қалалық әуе мобильдігін дамыту, «Жетіген» сауда-логистикалық орталығын салу және K-PARK мәдени-іскерлік орталығы мен тақырыптық паркін құру жобалары да қолға алынған»,-дейді Алатау қаласының әкімі Әркен Өтенов.
Аталған инвестициялық бастамалар қаланың экономикалық құрылымын әртараптандыруға, өндірістік және логистикалық мүмкіндіктерін кеңейтуге, сондай-ақ жаңа технологияларды енгізуге бағытталған.
Жобалар толық іске қосылған кезде 5 мыңнан астам жаңа жұмыс орнын ашу көзделіп отыр. Бұл қала тұрғындарының жұмыспен қамтылуына, жаңа кәсіптік мүмкіндіктердің қалыптасуына және Алатаудың ірі инвестициялық әрі экономикалық орталық ретінде дамуына ықпал етеді.
Алатау қаласында 60-тан астам инвестициялық жоба іске асуда

