«Әділетті және Прогрессивті Қазақстанның Халықтық Конституциясы үшін!» коалициясының мүшелері Қапшағай гидроэлектр станциясында болып, кәсіпорын ұжымымен кездесу өткізді.
Кездесу барысында 15 наурызға белгіленген республикалық референдумға ұсынылатын Конституциялық өзгерістердің мазмұны түсіндірілді. Әсіресе билік тармақтарының теңгерімі, Президент өкілеттігінің бір реттік жеті жылдық мерзімі және Конституциялық Соттың рөлін күшейту мәселелері назарға алынды.
Коалиция мүшесі Рада Трыкалюк өз сөзінде өзгерістердің институционалдық сипатына тоқталды.
«Бұл түзетулер нақты тұлғаларға емес, тұрақты ережелерге негізделген басқару моделін қалыптастыруға бағытталған. Мемлекеттік институттардың өзара жауапкершілігі айқындалып, шешім қабылдау тетіктері жүйеленеді. Ұзақ мерзімді тұрақтылық дәл осындай институционалдық негіз арқылы қамтамасыз етіледі», – деді ол.
Кездесу барысында станция қызметкерлері ұсынылған өзгерістерге қатысты пікір білдіріп, алдағы референдумға белсенді қатысуға дайын екендерін жеткізді. Ұжым өкілдері елдің құқықтық негізін нығайтуға бағытталған бастамаларды қолдайтындарын атап өтті.
Айта кетейік, Қапшағай ГЭС – еліміздің энергетикалық жүйесіндегі стратегиялық маңызы бар нысандардың бірі. Станция 1970 жылы пайдалануға беріліп, Алматы өңірін электр энергиясымен қамтамасыз етуде маңызды рөл атқарып келеді. Гидроқұрылыс нысанының салынуы өнеркәсіп пен ауыл шаруашылығының дамуына серпін беріп, Қапшағай су қоймасының қалыптасуына негіз болды.

