Алматы облысының өңірлік коммуникациялар қызметінде Дүниежүзілік ЖИТС-ке қарсы күрес күніне арналған баспасөз мәслихаты өтіп, өңірдегі АИТВ ахуалы, профилактикалық жұмыстардың нәтижелері және тестілеуге қатысу деңгейі талқыланды. Мамандар айлық аясында атқарылған іс-шаралар бойынша нақты деректер ұсынды.
«ЖИТС орталығы» ШЖҚ КМК ұйымдастыру-әдістемелік бөлімінің меңгерушісі Самал Қожалимова өңірде АИТВ көрсеткіштерінің төмендегенін атап өтті. «2025 жылдың 9 айының қорытындысында аурушаңдық 100 мың тұрғынға шаққанда 13,3 болды. Өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда жаңа жағдайлар 38-ге азайды. Тестілеуге қолжетімділік кеңейіп, халықтың скринингтен өту деңгейі 13,5 пайызға жетті», — деді Самал Қожалимова.
Сондай-ақ профилактикалық жұмыс бөлімінің меңгерушісі Ляззат Абдукаримова ақпараттық-ағартушылық шаралардың қоғам үшін ерекше маңызға ие екенін айтты. «АИТВ кез келген адам үшін өзекті қауіп болып қала береді. Сондықтан жастармен, білім беру ұйымдарымен, әскери қызметшілермен және негізгі топтармен профилактикалық жұмысты күшейтіп отырмыз. Қоғамдағы стигма мен қорқынышты азайту — басты міндеттердің бірі», — деді.
Биыл облыста бизнес қауымдастығы мен ІІБ қызметкерлеріне 22 лекция, білім беру ұйымдарына 4 дөңгелек үстел өткізілді. Аудандық ауруханаларда ашық есік күндері ұйымдастырылып, колледждер мен мектептерде 25 тренинг пен семинар өтті. Тұрғындарға тегін АИТВ тесті ұсынылып, жастармен интерактивті кездесулер мен ақпараттық шаралар жүргізілді.
Мамандардың айтуынша, ақпараттың жеткіліксіздігі және тест тапсырудан жалтару АИТВ-ның алдын алудағы негізгі қиындықтар. Осыған байланысты өңірде ақпараттық жұмыстарды күшейту, медициналық қызметтердің қолжетімділігін арттыру және жастарға бағытталған ақпаратты цифрлық арналар арқылы тарату жалғасады.
Спикерлердің мәлімдеуінше, АИТВ-ға қарсы күрестегі басты құрал — дұрыс ақпарат пен жеке жауапкершілік. Тиімді нәтижеге тек қоғамның бірлескен әрекеті арқылы қол жеткізуге болады.
Алматы облысында АИТВ-ға қарсы күрес шаралары күшейтілді

