Site icon ATAMEKEN

Алматы облысында алты айда тұтынушылардың құқықтарын қорғау бойынша 2 680 өтініш қаралды

 

Алматы облысында 2026 жылдың бірінші жартыжылдығының қорытындысы бойынша тұтынушылардың құқықтарын қорғау саласындағы жұмыс нәтижелері жарияланды. Биылғы жылдың алғашқы алты айында Департаментке 2 680 өтініш келіп түсті. Бұл көрсеткіш 2025 жылдың сәйкес кезеңіндегі 693 өтінішпен салыстырғанда екі есе көп, деді баспасөз мәслихатында департамент басшысының орынбасары Ермек Әбікенов.
Өтініштердің басым бөлігі электрондық сауда, тұрмыстық, білім беру, коммуналдық және медициналық қызметтерге қатысты. Мамандардың айтуынша, мұндай өсім азаматтардың заңмен қорғалатын құқықтарын талап етуге деген сенімінің артқанын және кәсіпкерлік субъектілері тарапынан орын алатын заң бұзушылықтарға бейжай қарамайтынын көрсетеді.
Спикердің сөзіне сүйенсек, департаментке түскен әрбір өтініш жан-жақты қаралып, заңнама талаптарына сәйкес тиісті шаралар қабылданды.
«Жыл басынан 90 жоспардан тыс тексеру жүргізілді, әкімшілік құқық бұзушылықтар бойынша жалпы сомасы 2,476 млн теңге көлемінде айыппұлдар салынды, сондай-ақ тұтынушыларға 51 млн теңгеден астам қаражат қайтарылды. Бұл көрсеткіштер азаматтардың құқықтарын қорғау бағытында қабылданған шаралардың тиімділігін және Департамент жұмысының нақты нәтижесін айғақтайды»,-деп атап өтті Ермек Әбікенов.
Сонымен қатар, көптеген дау сотқа дейінгі тәртіппен шешіліп, азаматтарға өз құқықтарын сотқа жүгінбей-ақ қалпына келтіруге мүмкіндік берілген. Мұндай тәсіл уақытты үнемдеп, тұтынушылардың мәселелерін жедел шешуге ықпал еткен.
Департамент қызметі тек құқық бұзушылықтарды анықтап, жауапкершілікке тартумен ғана шектелмейді. Мұнда заң бұзушылықтардың алдын алу, азаматтардың қаржылық қауіпсіздігін қамтамасыз ету, көрсетілетін қызметтердің сапасы мен тауарлардың қауіпсіздігін бақылау бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде.
Тұтынушылардың құқықтарын тиімді қорғау мақсатында азаматтарға тауарлар мен қызметтерді таңдауда мұқият болу, сатып алуды немесе қызметті растайтын құжаттарды сақтау және құқықтары бұзылған жағдайда уәкілетті органдарға уақытылы жүгіну ұсынылады.
Тұтынушылардың құқықтарын қорғау – қоғамдағы әлеуметтік тұрақтылықты қамтамасыз етудің маңызды бағыттарының бірі. Осыған байланысты Департамент алдағы уақытта да азаматтардың заңды мүдделерін қорғау және тауарлар мен қызметтер нарығындағы заңдылықты қамтамасыз ету бойынша жүйелі әрі принципті жұмысын жалғастырады.

Exit mobile version