Алматы облысында «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында экологиялық мәдениетті қалыптастыруға бағытталған жаңа жоба іске қосылмақ. Өңірде 2026 жылдың мамыр–шілде айлары аралығында «Ауыл айнасы» атты облыстық байқау өтеді. Бұл туралы баспасөз мәслихатында облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Төлеген Кенжебеков айтты.
Бастаманың негізгі мақсаты — ауылдардағы тазалық мәдениетін дамыту, абаттандыру жұмыстарын жандандыру және тұрғындарды ортақ іске жұмылдыру.
— «Ауыл айнасы» байқауы осы бағыттағы жұмыстарды жүйелеп, үздік тәжірибелерді насихаттауға мүмкіндік береді. Жоба екі кезеңнен тұрады: аудандық және облыстық. Байқауға кемінде 22 ауылдық елді мекен қатысады деп жоспарланып отыр,-деді басқарма басшысы.
Байқау барысында ауылдардың тазалығы, көгалдандыру деңгейі, абаттандыру сапасы, тұрғындардың белсенділігі және ортақ іске жұмылуы ескеріледі. Үздік деп танылған ауылдарға арнайы жүлделер табысталады. Жалпы жүлде қоры 1 миллион 100 мың теңгеден 200 мың теңгеге дейінгі бес арнайы сыйлықты қамтиды.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, жобаның басты мақсаты тек жеңімпаздарды анықтау емес. Ең маңыздысы — ауыл тұрғындарының туған жерге деген жанашырлығын арттыру, тазалықты қоғамдық құндылық ретінде қалыптастыру және елді мекендер арасында оң тәжірибе алмасу мәдениетін дамыту.
Соңғы жылдары Алматы облысында тұрғындардың қоғамдық бастамаларға қатысу белсенділігі артқан. Экологиялық акцияларға жастар ұйымдары, еріктілер, қоғамдық бірлестіктер мен ауыл белсенділері тұрақты түрде атсалысып келеді. Бұл өз кезегінде «Таза Қазақстан» бағдарламасының қоғам санасына біртіндеп сіңіп келе жатқанын көрсетеді.
«Ауыл айнасы» байқауы ауылдардың келбетін жақсартып қана қоймай, тұрғындардың ортақ жауапкершілігін күшейтуге де ықпал етеді. Себебі таза ауыл — мәдениетті қоғамның айнасы.

