Site icon ATAMEKEN

Алматы облысында жазғы демалыста балалардың қауіпсіздігіне басымдық беріледі

 

Алматы облысында жазғы демалыс кезеңінде балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және судағы жазатайым оқиғалардың алдын алу мақсатында кешенді профилактикалық жұмыстар жүргізілуде. Бұл бағыттағы іс-шараларға облыстық Білім басқармасы, Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті мен Төтенше жағдайлар департаменті бірлесіп қатысуда. Бұл жайында БАҚ өкілдерімен өткен баспасөз мәслихатында айтылды.

Жазғы шомылу маусымының басталуына байланысты өңірде қауіпсіздік талаптарын сақтау және балалардың денсаулығын қорғау мәселесіне ерекше назар аударылуда. Мамандардың айтуынша, су айдындарындағы қауіпсіздік ережелерін сақтау қайғылы жағдайлардың алдын алудың басты кепілі.

Қазіргі уақытта Алматы облысында 34 балаларды сауықтыру лагерь жұмысын бастайды. Оның ішінде 2 мемлекеттік және 32 жекеменшік лагерь бар. Облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Ақмарал Атенбекованың айтуынша, санитариялық-эпидемиологиялық қорытындыларын алған лагерьлер балаларды қабылдауға толық дайын. Сонымен қатар, мектеп жанындағы жазғы лагерьлер де өз қызметін ұйымдастыруда.

«Облыста бүгінгі таңда 447 мектеп пен 30 қосымша білім беру ұйымы жұмыс істейді. Жазғы кезеңде балалардың бос уақытын тиімді әрі қауіпсіз өткізу үшін барлық білім беру ұйымдарында түсіндіру жұмыстары жүргізілуде»,-деп атап өтті өз сөзінде Алматы облысы білім басқармасы басшысының орынбасары Ақмарал Атенбекова.

Ал, Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау қызметінің мәліметінше, шомылу маусымы қарсаңында су қоймаларынан 135 су сынамасы және 114 топырақ (құм) сынамасы алынып, зертханалық тексеруден өткізілді. Сондай-ақ тырысқақ инфекциясына қарсы қосымша зерттеулер жүргізілді. Нәтижесінде барлық сынамалар санитариялық талаптарға сәйкес келетіні анықталды.
«188 үлкен және кіші демалыс орны бар. Балалардың қауіпсіздігі үшін 46 қала сыртындағы маусымдық және 1 жылдық сауықтыру лагерлері қатаң бақылауға алынған»,-деді Алматы облысы санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының оынбасары Алтынай Райымбекова.

Баспасөз мәслихаты барысында , Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің өкілі жағажайда әр 50 адамға 1 киім ауыстыру кабинасы және әр 75 келушіге 1 дәретхана орнату керек деген бірқата талаптарды еске салды.
Сонымен қатар, күн сайын дезинфекция жасау, қалдықтарды уақытылы шығару керек. Ал, аптасына кемінде 1 рет құмның беткі қабатын механикалық түрде қопсыту қажет екен.

Баспасөз мәслихатында сөз алған Алматы облысы ТЖД Төтенше жағдайларды жою басқармасының аға инженері Дінмұхамет Жунусов судағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша жүйелі жұмыстар жүргізіліп жатқанын алға тартты.
Сөзіне сенсек, Су айдындарында адамдардың қаза болуының алдын алу мақсатында профилактикалық рейдтер, түсіндіру кездесулері және ақпараттық науқандар тұрақты түрде ұйымдастырылуда.

«Қауіпсіздік шараларын күшейту аясында 2025 жылы облыстың су айдындары маңына 21 бейнебақылау камерасы орнатылды. Сонымен қатар, қоғамдық құтқарушыларды даярлау жұмыстары жалғасуда. Бүгінде 30-дан астам қоғамдық құтқарушы қызмет атқаруда, ал өткен жылы 100-ден астам азамат арнайы оқытудан өтті»,-деді спикер.

Мамандар ата-аналарды балаларды су айдындарына қараусыз жібермеуге, тек арнайы жабдықталған және рұқсат етілген жағажайларда ғана шомылуға, сондай-ақ қауіпсіздік белгілері мен ережелерін қатаң сақтауға шақырады.

Балалардың қауіпсіздігі – тек мемлекеттік органдардың ғана емес, ата-аналар мен қоғамның ортақ жауапкершілігі.

Exit mobile version