Site icon ATAMEKEN

Алматы облысында жаңа оқу жылына 384 мыңнан астам оқушы білім алады

Алматы облысында 2026–2027 оқу жылына дайындық жұмыстары аяқталуға жақын. Жаңа оқу жылында өңірдегі 497 жалпы білім беретін мектепте 384 786 оқушы білім алады деп жоспарлануда. Бұл өткен оқу жылымен салыстырғанда 5 262 оқушыға көп. Бірінші сыныпқа 35 694 бала қабылданды.
Жаңа оқу жылына дейін жалпы сыйымдылығы 4 200 орын болатын 5 «Келешек мектебін» пайдалануға беру жоспарлануда. Олар Еңбекшіқазақ, Іле, Қарасай аудандарында және Алатау қаласында орналасқан. Жаңа мектептердің іске қосылуы 3 мектептегі үш ауысымды оқыту және 2 мектептегі оқушы орындарының тапшылығы мәселесін шешуге мүмкіндік береді. Нәтижесінде үш ауысымды мектептердің саны 23-ке қысқарады.
Сонымен қатар биыл «EPC+F» механизмі бойынша жалпы сыйымдылығы 5 100 орын болатын 5 мектептің құрылысы жүргізіледі. Алматы агломерациясының ауылдарында Алматы қаласының бюджеті есебінен жалпы құны 41,8 млрд теңге болатын 5 мектеп салу бойынша келіссөздер жүргізілуде.
2025–2026 оқу жылының қорытындысы бойынша облыстағы білім сапасының көрсеткіші 69,5%-ды құрап, өткен жылмен салыстырғанда 0,6 пайыздық тармаққа артты. Биыл жоспарланған 12 мектептің 10-ында күрделі жөндеу жұмыстары аяқталды, қалған екі нысанда жұмыстар жалғасуда.
Әлеуметтік қолдауға жалпыға міндетті білім беру қоры шеңберінде 7 млрд 53 млн теңге қарастырылған. Оның ішінде 60 049 балаға мектеп формасын сатып алуға 3 млрд 53,6 млн теңге бөлінді. «Мектепке жол» республикалық акциясы аясында 10 мыңға жуық балаға жалпы сомасы 213 млн теңге көлемінде демеушілік көмек көрсетілді.
2026–2027 оқу жылында облыстық бюджеттен 185 012 оқушыны ыстық тамақпен қамтамасыз етуге 16 млрд 993 млн теңге қарастырылған. Сондай-ақ жаңа оқу жылында шамамен 29 мың оқушыны тасымалдау жоспарлануда. Автопаркті жаңарту мақсатында 2027–2029 жылдары лизинг тетігі арқылы 52 автобус сатып алу көзделген.
1 қыркүйекте Білім күні салтанатты іс-шара форматында өтеді. Іс-шаралар барысында мектеп формасына қойылатын талаптарды сақтау, білім алушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және ата-аналарға негізсіз қаржылық шығын түсірмеу талап етіледі.

Exit mobile version