2025 жыл – Ішкі істер министрлігі «Профилактика жылы» деп жариялады. Мемлекет басшысы айқындап берген «Заң және тәртіп» қағидасын басшылыққа ала отырып, Алматы облысы аумағында бірқатар кешенді жедел-профилактикалық іс-шаралар өткізіліп келеді. Бұл туралы Алматы облысы полиция департаментінің жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы, полиция подполковнигі Абдинур Тасыбаев мәлімдеді.
Аталған іс-шаралардың мақсаты көшелер мен қоғамдық орындарда тиісті құқықтық тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету, құқық бұзушылықтар мен қылмыстардын алдын алу және жол қауіпсіздігін сақтау болып табылады.
Абдинур Тасыбаевтың айтуынша, облыс аумағында ұйымдастырылған «Қауіпсіз жол» жедел-профилактикалық іс-шарасы барысында көлік жүргізушілері мен жаяу жүргіншілер арасында түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, 8029 әкімшілік құқық бұзушылық тіркелген. Нәтижесінде: 249 көлік айыппұл тұрағына қойылып, 407 автокөліктің мемлекеттік тіркеу нөмірлері алынып әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Сондай-ақ, «Құқық тәртіп» жедел-профилактикалық іс-шарасы 28-30 сәуір күндері өткізілді. Оның ішінде, 62 қылмыс тіркеліп кезекші тәулікте 41 қылмыс ашылды. Облыс бойынша барлығы 2714 әкімшілік құқық бұзушылық анықталған. Бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын табады, — деді Абдинур Тасыбаев.
Аталған іс-шаралар мемлекеттік органдар мен қоғамның бірлескен жұмысының нәтижесінде жүзеге асуда. Қоғамдық тәртіп пен азаматтардың қауіпсіздігін сақтау – әрбір азаматтың ортақ міндеті.
Алматы облысында жедел-профилактикалық іс-шаралары өткізілуде
