Алматы облысында 69 медициналық мекеме халыққа қызмет көрсетеді . Оның 24-і мемлекеттік, 45-і жекеменшік.
Жеке медициналық ұйымдар алғашқы медициналық-санитарлық көмек, консультациялық-диагностикалық қызметтер, оңалту, гемодиализ және т. Б. Қызмет түрлерін ұсына отырып, ТМККК және МӘМС шеңберінде медициналық көмек көрсетеді.
Орташа республикалық көрсеткіштерге жеткізу үшін Алматы облысында денсаулық сақтауға арналған әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры тарапынан жалпы қаржыландыруды бір тұрғынға есептегенде 38%-ға ұлғайту қажет.
Алматы облысы денсаулық сақтау басқармасының басшысының орынбасары Оңғарсын Байұзақовтың айтуынша, облыстағы денсаулық сақтау саласы инфрақұрылым бойынша айтарлықтай инвестиция тартуды қажет етеді. Бүгінгі күні өңірде 40 медициналық нысан күрделі жөндеуді талап етсе, 34 елді мекенде емхана салу қажеттілігі туындауда.
Қазіргі таңда облыс көлемінде мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында 5 жоба іске асу сатысында тұр. Атап айтар болсақ, алдағы уақытта 6 ауылда алғашқы медициналық-санитариялық көмектің жаңа нысаны ашылмақ, жобаның құны-376 млн.теңге. Сонымен қатар, Жамбыл ауданында кардиохирургиялық орталық салынуы жоспарналуда. Оның құрылысына 650млн.теңге бөлінеді деп күтілуде. Сондай-ақ, офтальмологиялық, неврология және эпилептология орталығы мен бактериологиялық зертхана салынуы көзделген.
«Офтальмологиялық және эпилептологиялық орталықтардың ашылу жобалары бойынша конкурс аяқталды. Оның қорытындысы туралы хабарландыру облыстың қаржы басқармасының ақпараттық ресурстарында жарияланады. Алматы облысының аумағында офтальмологиялық көмек Қарасай және Еңбекшіқазақ аудандарында ғана көрсетіледі. Медициналық көмектің қолжетімділігін қамтамасыз ету мақсатында Қонаев қаласында «офтальмологиялық орталықты» ашу бойынша жеке бастама енгізілді, бұл жоба орынды деп танылып, іске асыру сатысында тұр»,-деді Оңғарсын Байұзақов.