Site icon Атамекен

Алматы облысында коммуналдық тарифтер орта есеппен 20%-ға өсті

2025 жылдың алғашқы жартыжылдығында Алматы облысында коммуналдық қызметтердің тарифтері айтарлықтай өсті. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында ҚР Ұлттық экономика министрлігі Табиғи монополияларды реттеу комитетінің Алматы облысы бойынша департаментінің басшысы Гүлмира Утегенова, сондай-ақ облыстық энергетика және сумен жабдықтау басқармасы басшысының орынбасарлары Руслан Утелбаев пен Ракеш Байжуматов мәлімдеді.
Коммуналдық қызметтер бойынша орташа тариф өсімі – 20%. Бұл өсім, ең алдымен, стратегиялық ресурстар мен материалдардың қымбаттауына, сондай-ақ монополия субъектілері қызметкерлерінің жалақысын арттыру қажеттілігіне байланысты болды.
Электр энергиясы – 15,4%-ға қымбаттады. 2025 жылғы 15 шілдеден бастап «Алатау Жарық Компаниясы» АҚ-ның «Энергосбыт» филиалы Алматы облысы тұрғындары үшін жаңа тариф енгізді. Жаңа бағам бойынша 1 кВт/сағ электр энергиясы ҚҚС-пен 35,67 теңге болды. Бұл 2024 жылмен салыстырғанда 15,4%-ға жоғары.
Бағаның өсуіне осы факторлар әсер етеді: Жаңартылатын энергия көздерін қолдау орталығының тарифі артты; «Алатау Жарық Компаниясы» өңірлік желілерінің тарифі 14,5%-ға өсті; «KEGOC» АҚ ұлттық желіні пайдалану тарифі 36,2%-ға көтерілді.
Табиғи газ – 30,69% баға өсті. 2025 жылғы 1 шілдеден бастап газдың көтерме бағасы өзгерді. ҚР Энергетика министрінің 2025 жылғы 21 мамырдағы №216-НҚ бұйрығына сәйкес, жаңа көтерме баға 1000 м³ үшін ҚҚС-сыз 39 044 теңге болып бекітілді. Бұл – алдыңғы бағамен салыстырғанда 30,69%-ға жоғары.
Дегенмен, газды тасымалдауға және жеткізуге байланысты төлемдер өзгеріссіз. Қазіргі баға 81,4%. Әлеуметтік жағынан осал азаматтар үшін баға төмен күйінде сақталуда.
Табиғи монополияларды реттеу департаменті 2025 жылдың бірінші жартысында тарифтерге қатысты бірқатар бақылау және реттеу шараларын жүзеге асырды. Тарифтердің көтерілуі инфляция мен өндірістік шығындармен байланысты болса да, әлеуметтік аз қамтылған топтарды қорғау және коммуналдық инфрақұрылымды жаңғырту бағытындағы жоспарлар бағаның әлеуметтік әсерін жұмсартуға бағытталған.
Exit mobile version