Site icon ATAMEKEN

Алматы облысында медицина қызметкерлері ұлықталды: 25 маман марапатталып, өңірге 70 жаңа медициналық көлік табысталды

 

Іле ауданында облыстың медицина қызметкерлерінің кәсіби мерекесіне арналған салтанатты жиын өтті. Нұрғиса Тілендиев атындағы аудандық мәдениет үйінде ұйымдастырылған шараға Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев, облыстық басқарма басшылары, құқық қорғау органдарының өкілдері, аудан және қала әкімдері, денсаулық сақтау саласының ардагерлері мен медицина қызметкерлері қатысты.

Жалпы саны 400-ге жуық адам қатысқан мерекелік жиында өңірдің денсаулық сақтау жүйесінде қызмет етіп жүрген үздік мамандардың еңбегі жоғары бағаланды.

Салтанатты шара барысында медицина саласының дамуына елеулі үлес қосқан 25 қызметкер мемлекеттік және ведомстволық наградалармен марапатталды. Олардың қатарында «Құрмет» орденінің иегерлері, Денсаулық сақтау министрлігінің төсбелгілері мен медальдарын алған дәрігерлер, сондай-ақ облыс әкімінің Құрмет грамотасымен марапатталған мамандар бар.

Өз сөзінде Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев медицина қызметкерлерінің қоғамдағы рөлі ерекше екенін атап өтіп, олардың кәсіби біліктілігі мен жанқиярлық еңбегі мыңдаған адамның өмірін сақтауға мүмкіндік беріп отырғанын жеткізді.

Мерекелік жиын аясында өңірдің медициналық ұйымдарына арналған 70 жаңа арнайы автокөліктің кілтін табыстау рәсімі өтті. Жаңа көліктер аудандық және қалалық денсаулық сақтау ұйымдарының материалдық-техникалық базасын нығайтып, тұрғындарға көрсетілетін медициналық қызметтің сапасы мен қолжетімділігін арттыруға мүмкіндік береді.

Шара барысында медицина мамандарының күнделікті еңбегі мен адам өмірінің құндылығын бейнелейтін «Әр өмір бағалы» атты театрландырылған көрініс ұсынылды.
Салтанатты жиын мерекелік концертпен жалғасты. Сахнада Қазақстанның танымал өнер қайраткерлері мен шығармашылық ұжымдары өнер көрсетіп, ақ халатты абзал жандарға ерекше көңіл күй сыйлады.

Медицина қызметкерлері күніне арналған іс-шара адам өмірі мен денсаулығын қорғау жолында аянбай еңбек етіп жүрген сала мамандарына көрсетілген құрметтің жарқын көрінісіне айналды.

Exit mobile version