Алматы облысының Өңірлік коммуникациялар қызметінде ҚР Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің өңірлік департаменті 2025 жылдың 11 айында атқарған жұмыстарын жариялады. Баспасөз мәслихатында департамент басшысы Қалдығожин Дәулет баяндама жасап, бәсекелестік ортаны қорғау бағытындағы негізгі көрсеткіштерді таныстырды.
Департамент монополистердің тұтынушылардың құқығын бұзбауын заң шеңберінде қадағалайды. Сонымен қатар, тауар мен қызмет сапасын әділ бәсекелестік арқылы арттыруға ықпал ететін мемлекеттік орган.
Бүгінгі таңда Алматы облысындағы аталған Департамент бәсекелестік талаптарын бұзғандарға тиісті хабарлама жолдап, монополистердің заң бұзушылығының алдын алған.
Департамент басшысы Дәулет Қалдығожиннің айтуынша, осы уақытқа дейін 8 хабарлама жолданған. Оның басым бөлігі тұтынушылардың пайдасына шешілген.
Атап айтар болсақ, прокуратура қаулысының негізінде «Қапашағай өңірлік газ желілері» ЖШС-не тауарлық газды бөлше саудаға беруде тұтынушыларға көрсетілмеген қызметтер үшін төлемақы жүргізіліп отырғаны анықталды. Осы өрескел қателікті түзету мақсатында заңды тұлғалар үшін міндеттемелерді тоқтату және одан әрі қоспау қажеттігі туралы хабарлама жолданды. Департаменттің хабарламасы толықтай орындалып, газ жабдығының нақты көрсетілмеген міндетті қызметтері үшін артық төлем тоқтатылды.
Тұтынушының құқығын аяқ асты еткендердің бірі -«БАКАД Инвестициялар және операциялар» ЖШС. Олар жеңілдікті абонемент беру кезінде «ішкі істер органдарынан КО тіркеу орны көрсетілген анықтама» түрінде қосымша құжаттарды талап еткен. Серіктестікке арнайы құжат жолданып, бұдан бұлай заңсыз негізде құжат талап етудің жолы кесілді.
«Біздің Департамент бәсекелестікті шектеуге әкелуі мүмкін әрекеттерді анықтап, нарықтағы бәсекелестікті бағалауға үшін бірқатар жұмыстарды атқарады. Мәселен, тауар нарықтарына 14 талдау жүргізілді»,-деп атап өтті спикер.
Айта кетейік, бұған дейін Департаментке мемлекеттік кәсіпорындардың қызмет түрлерін құруға және кеңейтуге 50-ден астам өтініш түсіп, оның 16-ы оң шешімін тапқан.

