Алдағы екі жыл ішінде Алматы облысында Қытайдың YTO Express компаниясы Орталық Азиядағы ең ірі мультимодальды логистикалық хабты салуды жоспарлап отыр. Жаңа орталық компанияның Біріккен Араб Әмірліктері, Венгрия, Тайланд, Бразилия, Эфиопия және Америка Құрама Штаттарындағы хабтарын қамтитын жаһандық көлік желісінің бір бөлігіне айналады.
Жобаның таныстырылымы Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев пен YTO Express басқарма төрағасы Юй Вэйцзяо мырзаның кездесуі барысында өтті. Кездесу аясында тараптар ынтымақтастықтың болашағын және жаңа хабтың негізгі параметрлерін талқылады. Аталған жоба өңірдің логистикалық инфрақұрылымын түбегейлі өзгертіп, тауар жеткізу үдерісін жеделдетуге ықпал етпек.
Облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев жобаның еліміз үшін стратегиялық маңызын атап өтті:
– Логистикалық хабтың құрылысы – тек Алматы облысы емес, бүкіл Қазақстан үшін маңызды бастама. Бұл өңірдің жүк өңдеу, сұрыптау және жеткізу мүмкіндіктерін кеңейтіп, экономикалық әлеуетін арттырады. Біз осындай ауқымды жобаның сәтті жүзеге асуына барынша қолдау көрсетуге дайынбыз, – деді өңір басшысы.
Жоба өзінің ауқымы мен жүзеге асыру деңгейі бойынша ерекше назар аударады. Мысалы, компанияның Қытайдың Цзясин қаласындағы басты логистикалық орталығы шамамен 100 гектар аумақты алып жатыр және 100 жүк ұшағын қабылдай алады. Компанияның жылдық жүк айналымы 2,5 миллион тонна деңгейінде болмақ. Жоспар бойынша, 2026 жылға дейін жаһандық жеткізу желісі толық қалыптасып, оған Қазақстандағы хаб та қосылады.
YTO Express – Қытайдағы экспресс жеткізу саласындағы жетекші логистикалық компаниялардың бірі. Қазіргі таңда компанияда 500 мыңнан астам қызметкер жұмыс істейді. Сондай-ақ, компанияның иелігінде 19 жүк ұшағынан тұратын жеке әуе флоты мен бірнеше мыңдаған жүк көлігінен тұратын автопарк бар. Бұл факторлар YTO Express-тің бүкіл әлем бойынша логистикалық қызметтерді жоғары жылдамдықпен және сенімді түрде көрсетуіне мүмкіндік береді.
Компания басқарма төрағасы Юй Вэйцзяо Қазақстан тарапынан көрсетілген қолдау үшін ризашылығын білдірді:
– Жобаны жүзеге асырудың алғашқы кезеңінен бастап біз Қазақстанның тиісті министрліктері мен Алматы облысы әкімдігінен үлкен қолдау алдық. Біз бұл жобаның маңызын жақсы түсінеміз және Орталық Азиядағы хабты барынша қысқа мерзімде іске қосуға тырысамыз. Жобаның күрделілігіне қарамастан, біз оны 2–3 жыл ішінде сәтті аяқтай аламыз деп сенемін, – деді ол.