Қарасай ауданының Іргелі ауылында тұратын Карповтар отбасы үшін сайлау күні ерекше сәтпен есте қалды. Олар №455 сайлау учаскесіне «Құрылтай» деген жазуы бар әуе шарымен ұшып келді. Бұл – отбасы мүшелерінің әуе шарымен алғаш рет көкке көтерілуі. Осылайша ата-ана балаларының көптен бергі арманын орындап қана қоймай, ел өміріндегі маңызды күнді отбасы үшін де ұмытылмас оқиғаға айналдырды.
*«Балаларымыз әуе шарымен ұшуды көптен бері армандап жүрген еді. Ойлана келе, олардың арманын сайлау күнімен ұштастыруды жөн көрдік. Біз – елімізді жақсы көреміз, қазақ тілінде сөйлейміз, салт-дәстүрімізді құрметтейміз. Отанды сүю, ұлттық құндылықтарды қастерлеу қандай парыз болса, ел болашағына бейжай қарамай, сайлауға қатысып, өз таңдауымызды жасау да сондай азаматтық міндет деп білеміз»,* – деді Александр Карпов.
Әуе шарымен сапар бірнеше минутқа ғана созылғанымен, балалар үшін ерекше әсерге толы болды. Көкке көтеріліп, туған өлкені биіктен тамашалаған отбасы үшін бұл күннің естелігі сайлаумен қатар өрілді.
Әуе шары жерге қонған соң Карповтар отбасы сайлау учаскесіне бет алды. Ата-анасы дауыс беріп, балаларына сайлау рәсімінің қалай өтетінін көрсетті. Соңында отбасы әуе шарының жанында естелік суретке түсті.
Осылайша Карповтар отбасы үшін бұл күн балалардың көптен күткен арманы орындалған әрі азаматтық таңдау жасалған ерекше күн ретінде есте қалды.
Айта кетейік, бүгін елімізде Құрылтай депутаттарын сайлау өтіп жатыр. Алматы облысында барлығы 683 сайлау учаскесі жұмыс істейді. Өңірдегі 1 042 987 тұрғынның дауыс беруге құқығы бар. Олардың ішінде кәмелет жасына толып, биыл алғаш рет сайлауға қатысу құқығына ие болған 14 104 азамат бар.
Облыстағы барлық сайлау учаскесі материалдық-техникалық құралдармен қамтамасыз етілген. Сайлау халықаралық байқаушылардың қатысуымен өтіп жатыр. Орталық сайлау комиссиясы 42 шет мемлекет пен 13 халықаралық ұйымнан 777 халықаралық байқаушыны аккредиттеді. Байқаушылар сайлау учаскелері ашылған сәттен бастап заңда белгіленген барлық рәсімдер аяқталғанға дейін сайлау барысын қадағалайды.
*Алматы облысының ӨКҚ*

