Site icon Атамекен

Алматы облысында республикадағы ең ірі жылыжай кешендерінің бірі іске қосылды

 

Ең дәмді қызанақ Алматы облысында өсіріледі

Алматы облысында жылына 3000 тонна қызанақ өсірілетін болады

Қарасай ауданының Елтай ауылдық округінде заманауи өндірістік жылыжай кешені, «Eurasian Green Product» ЖШС пайдалануға берілді. Жылыжай кешенінің жалпы ауданы 5,1 гектарды құрайды. Шараның ашылу салтанатына «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ басқарма төрағасы Айболат Әбенов, Алматы облысының ауыл шаруашылығы басқармасының бастығы Мақсұт Жапаров, Қарасай ауданының әкімі Жандарбек Далабаев және «Eurasian Green Product» компаниясының даму және стратегиялық жоспарлау жөніндегі директоры Жандос Тұрсынғалиев қатысты.

Айболат Әбенов өзінің құттықтау сөзінде мемлекеттің қаржы институты аталмыш нысанға қолайлы шарттармен қаражат бөлгенін атап өтті.

— Бүгін біз өз жемісін бере бастаған жылыжай кешенінің ашылу салтанатына қатысып отырғанымызға өте қуаныштымыз. Қазір компания тауарды жергілікті нарыққа және шетелге жеткізеді. Бұл өте жақсы көрсеткіш, — деді Айболат Әбенов.

Өз кезегінде Қарасай ауданының әкімі Жандарбек Далабаев жергілікті бюджетке салық түсімдері 100 млн. теңгеден асатынын хабарлады.

Жылыжайда 5 гектар жерге қызанақ егілген. Мұнда жылына 3 мың тонна қызанақ өндірілетін болады.

Жылыжай кешені заманауи технологиялармен жабдықталған, онда жаңа әрі дәмді қызанақ өсіру үшін автоматтандырылған, қолайлы климаттық жағдай жасалған.

«Eurasian Green Produсt» ЖШС-ның даму және стратегиялық жоспарлау жөніндегі директоры Жандос Тұрсынғалиевтің айтуынша, олардың өнімдері жоғары дәмдік көрсеткіштермен ерекшеленеді.

— 2018 жылы біз жылыжай кешенінің құрылысын бастадық. Мұнда «Van der Hoeven» компаниясының әдісі қолданылады.
Бұл жылыжайлардың артықшылығы — климаттың жақсы басқарылуы, энергияны оңтайлы пайдалану, сондай-ақ қорғау құралдарын аз қолдану. Егілетін қызанақ сорттары — «Мерлис» және «Меланеза». Ең бастысы — көкөніс өсіру кезінде біз химиялық қоспаларсыз табиғи әдісті қолданамыз, нәтижесінде экологиялық таза өнім береді, — деді Жандос Тұрсынғалиев.

Болашақта компания 2 сатылы жылыжай кешенін салуды жоспарлап отыр. Жылыжай кеңейтілгеннен кейін жетісулықтарды қызанақпен ғана емес, қиярмен де қамтамасыз ететін болады.
Құрылыстың үшінші кезеңінде 5000 шаршы метрді кезең-кезеңмен іске қоса отырып, қолданыстағы 17 га учаскеде көкөніс қоймасы салынатын болады.

Бүгінгі күні компанияда 100 жергілікті тұрғын жұмыс істейді. Олар өз ісінің шебері, уақыттарын аямай, адал еңбектеніп келеді. Олардың табанды еңбектерінің арқасында қала тұрғындары ең дәмді қызанақты сатып алуда.
— Біздің ауданда осындай жылыжай салынғанына өте қуаныштымыз. Мұның бәрі қосымша жұмыс орындары. Жұмыс қиын емес. Біз күн сайын жақсы өнім жинаймыз», — деп атап өтті көкөніс өсіруші Айнұр Балдаева.

Естеріңізге сала кетейік, Алматы облысында жылыжай шаруашылығы жақсы даму үстінде, бүгінде 103,1 гектарға 102 жылыжайдан келеді. 2020 жылдың қорытындысы бойынша өнімнің жалпы түсімі 35,2 мың тоннаны құрады, биыл 41,2 мың тонна жинау жоспарланып отыр.
Маусымаралық кезеңде халықты жаңа піскен көкөністермен қамтамасыз ету мақсатында жылыжай фермаларының аумағын ұлғайту жұмыстары жүргізілуде. Яғни, 2021 жылы Ұйғыр ауданында тағы 2 жылыжай іске қосылмақ.
Ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге, сондай-ақ жылыжай шаруашылықтарына минералды тыңайтқыштарды субсидиялаудың 50%-ға дейінгі және пестицидтерді субсидиялаудың 40%-ға дейінгі шығындарын өтеу үшін мемлекет тарапынан айтарлықтай қолдау көрсетілуде. Бұған қоса, инвесторлардың жылыжайларды салуға және кеңейтуге жұмсаған шығындарының 25%-ы өтелетін болады.

Exit mobile version