Site icon ATAMEKEN

Алматы облысында референдум: 677 учаске жұмысы басталды, миллионнан астам тұрғын дауыс берушілер тізіміне енгізілген

Бүгін, 15 наурыз күні еліміз бойынша жаңа Конституцияны қабылдау мәселесі бойынша республикалық референдум өтіп жатыр. Алматы облысында дауыс беруге құқығы бар азаматтар тізіміне 1 029 611 адам енгізілген. Оның ішінде 5871 адам алғаш рет дауыс бере алады.

Өңірде 677 референдум учаскесінің жұмысы ұйымдастырылған. Барлық учаскелер қажетті материалдық-техникалық жабдықтармен толық қамтамасыз етілген. Атап айтқанда, дауыс беру кабиналары, стационарлық және тасымалды жәшіктер, сондай-ақ комиссия мүшелері мен байқаушыларға арналған жұмыс орындары дайындалған. Дауыс беру сағат 07:00-ден 20:00-ге дейін жалғасады. Одан кейін дауыстарды санау рәсімі басталады.

Облыс орталығы – Қонаев қаласында да өңірдегі басқа учаскелердегідей №949-ші референдум учаскесінде жұмыс таңғы сағат 07:00-де Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Гимнін орындаумен басталып. Кейін бата берілді. Батаны Қонаев қаласы «Ардагерлер ұйымы» қоғамдық бірлестігінің кеңес төрағасы Базарбай Оралбаев берді. Қазақы дәстүрде мұндай игі тілек маңызды шаралардың алдында айтылады. Ақсақал елге тыныштық, бірлік пен береке тілеп, азаматтарды жауапкершілік пен парасаттылыққа шақырды.

Алматы облыстық аумақтық референдум комиссиясының төрайымы Мейрамгүл Айтованың айтуынша, дайындық барысында азаматтарды ақпараттандыру мәселесіне ерекше көңіл бөлінген. Барлық учаскелерде ақпараттық стендтер орналастырылған. Олар азаматтарға көрнекі әрі қолжетімді болуы үшін ғимараттардың кіреберісіне қойылған. Стендтерде дауыс беру тәртібі туралы мәліметтер, сондай-ақ жаңа Конституция жобасының мәтіні ұсынылған. Қажет болған жағдайда азаматтар оның аудионұсқасын да тыңдай алады.

Сондай-ақ мүмкіндігі шектеулі азаматтардың дауыс беруіне қолайлы жағдай жасауға ерекше назар аударылған. Учаскелерде пандустар орнатылып, арнайы көрсеткіштер мен ыңғайлы дауыс беру кабиналары қарастырылған. Қажет болған жағдайда учаскелік комиссия мүшелері азаматтарға ақпараттық көмек көрсетеді. Денсаулығына байланысты учаскеге келе алмайтын азаматтар үшін тасымалды жәшік арқылы үйде дауыс беру мүмкіндігі ұйымдастырылған. Өңірде 2320 мүмкіндігі шектеулі азаматтың деректері нақтыланып, олардың қай учаскеге тіркелгені тексерілген.

Мүмкіндігі шектеулі азаматтарға қолдау көрсету мақсатында инватакси қызметі де ұйымдастырылған. Облыс орталығында екі арнайы көлік қызмет көрсетеді. Сонымен қатар 214 елді мекенді қамтитын 24 инватакси жұмыс істейді. Бұдан бөлек, 15 сурдоаудармашы және әлеуметтік қызметкерлер тартылған.

Референдумды өткізуге өңірде бір облыстық, екі қалалық, тоғыз аудандық және 677 учаскелік комиссия қатысуда. Комиссиялардың құрамында 4781 адам жұмыс істейді. Дайындық кезеңінде олардың барлығы арнайы оқытудан өтті.

Дауыс беру барысын қоғамдық бірлестіктер мен үкіметтік емес ұйымдар өкілдері, сондай-ақ халықаралық ұйымдар мен шетелдік бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері бақылай алады. Мейрамгүл Айтованың айтуынша, Алматы облысында референдумды бақылау үшін 16 өңірлік және 11 республикалық үкіметтік емес ұйым аккредиттелген. Олар учаскелерде бақылаушы ретінде қатысуға құқылы.

Өңірде азаматтардың уақытша болатын орындарында орналасқан 36 учаске жұмыс істейді. Оның 15-і әскери бөлімдерде, 16-сы стационарлық емдеу-профилактикалық мекемелерде, 4-уі тергеу изоляторлары мен уақытша ұстау изоляторларында, ал бір учаске арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығында орналасқан. Егер бұл учаскелерде тізімге енгізілген барлық азамат дауыс берсе, учаскелік комиссия дауыс берудің аяқталғанын мерзімінен бұрын жариялай алады.

Айта кетейік, заң талаптарына сәйкес өңірдегі жеті учаскеде дауыс беру таңғы сағат 06:00-де басталды. Қалған учаскелерде дауыс беру кесте бойынша сағат 07:00-ден 20:00-ге дейін жалғасады. Учаскелер жабылғаннан кейін дауыстарды санау рәсімі басталады.

Exit mobile version