Алматы облысында Мемлекет басшысының «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында, Наурыз мерекесіне орай «Табиғат қанатында – Taza Life» экологиялық акция бастау алды.
Табиғатты қорғау мен экологиялық сананы қалыптастыруды мақсат еткен бұл бастама өңір жастарын игі іске жұмылдырып, қоршаған ортаға жанашырлық танытудың жарқын үлгісіне айналды.
Акция барысында Қонаев қаласының оқушылары мен колледж студенттері орман шаруашылығы мамандарының жетекшілігімен өз қолдарымен жасаған құс ұяларын әлеуметтік нысандардың аумағына орнатты.
Бұл бастама арқылы жастар құстарға қамқорлық танытып қана қоймай, табиғатқа ұқыпты қараудың маңызын іс жүзінде көрсетті. Әсіресе көктем мезгілінде құстарға қолайлы жағдай жасау – экожүйенің тепе-теңдігін сақтауға қосылған маңызды үлес.
Аталған шараның басты мақсаты – жастар арасында экологиялық мәдениетті қалыптастыру, қоршаған ортаға жауапкершілікпен қарау қағидаттарын дәріптеу және табиғатты қорғау ісіне белсенді қатысуға ынталандыру.
Сонымен қатар, акция жас ұрпақтың еңбекке деген сүйіспеншілігін арттырып, туған жерге деген жанашырлық сезімін нығайтуды көздейді.
Айта кету керек, аталған акция облыстың 9 ауданы мен 2 қаласын қамтып, нәтижесінде 1 мыңға жуық құс ұяшықтары орнатылатын болады.
Іс-шара барысында қатысушыларға орман шаруашылығы мамандары құстардың тіршілігі, олардың табиғаттағы рөлі және биоалуантүрлілікті сақтау жөнінде түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Бұл өз кезегінде жастардың экологиялық білімін арттырып, табиғатқа деген көзқарасын жаңа деңгейге көтерді.
Ұйымдастырушылар – Алматы облыстық жастар ресурстық орталығы, білім басқармасы және орман шаруашылығы мекемелері. Олар мұндай игі шаралар алдағы уақытта да жалғасын табатынын атап өтті.
Айта кету керек, «Табиғат қанатында — Taza Life» акциясы тек бір реттік іс-шара емес, ол – қоғамда экологиялық жауапкершілікті арттыруға бағытталған жүйелі жұмыстардың бір бөлігі. Осындай бастамалар арқылы табиғатты аялау мәдениеті қалыптасып, болашақ ұрпаққа таза әрі көрікті орта қалдыруға мүмкіндік туады.



