2024–2025 жылдар аралығында ботулизм бойынша эпидемиологиялық жағдай жақсара түсті. 2025 жылы Алматы облысында ботулизммен сырқаттану көрсеткіші 3-тен 1 жағдайға дейін төмендеді, зардап шеккендер саны 7 адамға азайды, ал өлім-жітім 3 есе қысқарды. Бұл туралы Алматы облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Муслим Сағадиев баспасөз мәслихаты барысында мәлімдеді.
Ботулизм – бактериялары бөлетін токсиннен туындайтын өте қауіпті улану түрі. Уақтылы медициналық көмек көрсетілмесе, адам өміріне үлкен қауіп төндіреді екен.
Өткен жылы «тағамдық токсикоинфекция» алдын ала диагнозымен жаппай тағамнан уланудың 3 жағдайы тіркелген. Былтыр аталмыш улану түрлері бойынша деректің 2-еуі (66,6%) Қарасай ауданындағы қоғамдық тамақтану нысандарында, 1 жағдайы (33,3%) Талғар ауданында тұрмыстық астан болған.
«2025 жылы тағамнан уланудан жалпы 12 адам зардап шекті, оның ішінде 7 бала (58,3%). Бұл көрсеткіш 2024 жылмен шамалас, ол кезде 13 адам, оның ішінде 9 бала (69,2%) зардап шеккен. 2024–2025 жылдары жаппай тағамнан улану бойынша адам шығыны тіркелген жоқ»-деді өз сөзінде спикер.
Эпидемиологиялық тексерулер жүргізіліп, науқастардан, тағам өнімдерінен және қоршаған орта нысандарынан сынамалар алынған. Талдау нәтижелері тағамнан улану көбінесе қоғамдық тамақтану орындарында дайындалған тағамдарды (суши, пицца), сондай-ақ үй жағдайында дайындалған консервілерді тұтынумен байланысты екенін көрсеткен.
Муслим Сағадиевтің айтуынша, тағамнан уланудың алдын алу – денсаулық сақтау органдарының, кәсіпкерлік субъектілерінің және әрбір азаматтың ортақ жауапкершілігі. Қауіпсіз тағам тұтыну қағидаларын сақтау арқылы халық денсаулығын нығайтып, тағамнан улану жағдайларының алдын алуға болады.
