Site icon ATAMEKEN

Алматы облысында туристік аймақтардан 760 тонна қоқыс шығарылды

Алматы облысында туризм мен экологияны қатар дамыту бағытындағы жұмыстар жаңа деңгейге көтерілді. Өңірде өткен «Туристік орындардағы тазалық күндері» акциясы аясында үш күн ішінде 760 тоннадан астам қоқыс шығарылып, 13 мыңнан астам ағаш көшеті отырғызылды. Ауқымды экологиялық бастамаға 39 мыңға жуық адам қатысқан. Бұл туралы Алматы облысы туризм басқармасының басшысы Қуаныш Мирамбекұлы «Таза Қазақстан» бағдарламасына арналған брифингте мәлімдеді.
Бүгінде Алматы облысы еліміздегі туризм қарқынды дамып келе жатқан негізгі өңірлердің біріне айналды. Өткен жылдың қорытындысы бойынша облыстағы қонақ үйлер мен демалыс орындары 658 мың туристке қызмет көрсеткен. Оның 147 мыңы — шетелдік қонақтар. Осы көрсеткіш арқылы өңір республика бойынша Алматы мен Астанадан кейінгі үшінші орынға шыққан.
Спикердің сөзіне сүйенсек, қазіргі туристер үшін табиғаттың әсемдігі ғана емес, тазалық пен экологиялық мәдениет те маңызды факторға айналған. Сондықтан облыста туризмді дамыту жұмыстары табиғатты қорғау шараларымен қатар жүргізіліп келеді.
«Өткен аптада облыс әкімі Марат Сұлтанғазиевтің бастамасымен ұйымдастырылған «Туристік орындардағы тазалық күндері» акциясы өңірдегі ең танымал демалыс аймақтарын қамтыды. Атап айтқанда, Көлсай мен Қайыңды көлдері, Шарын шатқалы, Түрген, Есік көлі және Қапшағай жағалауы секілді туристер жиі баратын 50-ден астам аумақта санитарлық тазалау және абаттандыру жұмыстары жүргізілді»,-деп қосты Қуанышбек Мирамбекұлы.
Акция барысында жиналған қоқыс көлемі кейбір демалушылардың табиғат аясындағы мәдениеті әлі де төмен екенін көрсетті. Туристік орындарда қоқыс қалдыру, табиғатқа ұқыпсыз қарау секілді жағдайлар өңірдің туристік беделіне кері әсер етуде.
Өңірде қолға алынған мұндай экологиялық акциялар тек тазалық жұмыстарымен шектелмейді. Бұл бастамалар қоғамда экологиялық сана қалыптастырып, туристік орындарға деген жауапкершілікті арттыруды көздейді.
Алматы облысында туризм маусымы басталған сайын табиғатты қорғау талаптары да күшейтілмек. Мамандар туристерді демалыс орындарында тазалық сақтап, табиғи мұраларға жанашырлықпен қарауға шақырады.

Exit mobile version