Алматы облысында орналасқан тұрмыстық қатты қалдықтар полигонында бірнеше өрт тіркелуіне және экологиялық нормалардың сақталмауына байланысты нысанның жұмысын уақытша тоқтату және оны басқа жерге көшіру мәселесі қаралуда.
Бұл туралы Алматы облысы Экология департаментінің Мемлекеттік экологиялық бақылау бөлімі басшысының міндетін атқарушы Алина Түсіпбаева Алматы облысы өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпараттық алаңында өткен баспасөз мәслихатында мәлімдеді.
«2025 жылы “ADC TAZA ALEM” ЖШС-не қарасты қалдықтар полигонында тіркелген өрттің жалпы ауданы 12 гектарды құрады», – деді Алина Түсіпбаева.
Полигонға 2020 жылдан 2027 жылға дейінгі мерзімге экологиялық рұқсат берілген. Құжат бойынша жылына 7354 тонна қалдық көмуге рұқсат етілген. 2023–2025 жылдар аралығында нысанда бірнеше мәрте экологиялық заңнама талаптарының бұзылуы тіркелген.
«Қалдықтарды сақтау және жағу кезінде өрт қауіпсіздігі мен атмосфералық ауаны қорғау талаптарының сақталмауы анықталды. ҚР ӘҚБтК-нің 336-бабы 1-бөлігі бойынша әкімшілік жауапкершілік шаралары қолданылды», – деді спикер.
Аталған мерзімде салынған айыппұлдардың жалпы сомасы 1 452 000 теңгені құрап, толық көлемде өндірілген. Сонымен қатар, 2025 жылы полигон аумағында тіркелген өрт фактілері бойынша Алматы облысының Мамандандырылған табиғат қорғау прокуратурасы кешенді тексеріс жүргізуге бастама көтерген.
Алина Түсіпбаева Іле ауданына қарасты Ащыбұлақ ауылдық округіндегі заңсыз қалдық төгілген учаскелер бойынша да ақпарат берді. Тереңқара өзені бойында рұқсатсыз төгілген құрылыс, тұрмыстық және өндірістік қалдықтар анықталған.
2025 жылғы 22 тамызда тіркелген бұл құқықбұзушылықтар бойынша үш тұлғаға әкімшілік айыппұл салынған
«Аталған тұлғаларға экологиялық заңнама талаптарын орындау, өзен арнасын қалпына келтіру және келтірілген залалды өтеу бойынша нұсқамалар берілді», – деді Алина Түсіпбаева.
Материалдар жергілікті атқарушы органдар мен табиғатты қорғау мекемелеріне жолданған. Экология департаменті өз құзыреті шегінде тиісті шараларды қабылдап жатыр.
Алматы облысында қалдықтар полигоны уақытша жабылуы мүмкін
RELATED ARTICLES