«Қонаев» ӘКК» АҚ серіктесі «DEL Construction» ЖШС-мен бірлесіп, Іле ауданына қарасты Боралдай кентінде жаңа «Galamat» тұрғын үй кешенінің құрылысын аяқтады. Бұл – Боралдайдағы алғашқы заманауи тұрғын үй кешені.
Кешен төрт мансардалы бес қабатты тұрғын үйден тұрады. Жалпы ауданы 9 909 ш.м. болатын 220 пәтер пайдалануға берілді. Жобаның жалпы құны — 3,29 млрд теңге.
– Жоба тұрғын үй құрылысын дамытуға бағытталған мемлекеттік бағдарлама мен жобаларды бірлесіп қаржыландыру тетігі аясында жүзеге асырылды. ӘКК-нің қаржылық үлесі 1,5 млрд теңгені (45,6%) құрады, қалғанын инвестор салды, – деді «Қонаев» ӘКК» АҚ Басқарма төрағасы Мұрат Абдыгулов.
Барлық пәтерлер таза әрлеумен тапсырылды: сантехника орнатылып, линолеум төселген. Жаңа үйлердегі бір шаршы метрдің құны – 380 мың теңге.
Жоба аясында инженерлік инфрақұрылым мен ғимараттардың сейсмикалық тұрақтылығына ерекше назар аударылды. Тұрақты сумен қамтамасыз ету үшін тереңдігі 200 метрден асатын екі ұңғыма (негізгі және резервтік) бұрғыланды. Бұл көлем барлық тұрғындардың қажеттілігін толық жабуға жеткілікті. Сонымен қатар, кешенге автономды газ қазандығы орнатылып, ол орталық жүйеге тәуелсіз жылу мен ыстық су береді.
Аула аумағы абаттандырылып, орындықтар мен қоқыс урналары орнатылып, асфальт төселді. Жақын арада балалар алаңы да орнатылады.
Конкурстық рәсімдер негізінде жергілікті атқарушы орган кешеннің үш блогынан әлеуметтік осал санаттағы азаматтарға арналған пәтерлер сатып алды. Төртінші блок бойынша конкурстық рәсімдер әлі жүріп жатыр.
«Қонаев» ӘКК өкілдерінің айтуынша, бұл жоба мемлекеттік-жекеменшік әріптестіктің тиімді үлгісіне айналды. Ол тұрғын үй құрылысын жеделдетіп қана қоймай, сапасын да қамтамасыз етті.
– Бұл жобаны жүзеге асыру арқылы ӘКК қолдауды қажет ететін облыс тұрғындары үшін жайлы өмір сүру ортасын қалыптастырды, – деп қорытындылады Мұрат Абдыгулов.