Алматы облысында экологиялық туризмді дамыту және жасыл аймақтардың көлемін ұлғайту бағытында бірнеше ірі экопарк жобасы жүзеге асырылуда. Жаңа нысандарға тартылатын инвестиция көлемі 22 млрд теңгеден асады.
Қазіргі таңда облыс аумағында жалпы көлемі 69 мың гектардан асатын 20-дан астам экопарк жұмыс істейді. Алдағы жылдары олардың қатары жаңа демалыс және рекреациялық аймақтармен толықпақ.
Ірі жобалардың бірі – аумағы 10 гектар болатын «Барыс» экопаркі. Жобаның құны шамамен 1,5 млрд теңгені құрайды. Болашақта парк аумағында 7 мыңнан астам ағаш отырғызу жоспарланған.
Сонымен қатар жеке инвестициялар есебінен тағы екі ірі жоба іске асырылуда. Аумағы 5,5 гектар болатын «Tal Resort» экопаркінің құны шамамен 5 млрд теңгені құрайды. Құрылыс жұмыстары екі кезеңмен жүргізіледі. Жобаның бірінші кезеңін 2026 жылдың соңында аяқтау, ал нысанды толық пайдалануға беруді 2027 жылға жоспарланған.
Сондай-ақ құны 5 млрд теңге болатын «Aykan Resort» экопаркінің құрылысы да жүргізілуде. Жобаның жалпы аумағы 8,5 гектарды құрайды. Нысанды 2027 жылы пайдалануға беру көзделген.
Бұдан бөлек, 2027–2028 жылдары облыста тағы екі жоба жүзеге асырылады. Атап айтқанда, «Көшпенділер» экопаркіне шамамен 700 млн теңге, ал «Орталық саябақ» жобасына шамамен 10 млрд теңге инвестиция тарту жоспарланып отыр.
Алматы облысы тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және абаттандыру басқармасының мәліметінше, аталған жобалар өңірдің туристік әлеуетін арттырып, жасыл аймақтарды кеңейтуге және халық үшін қолайлы демалыс инфрақұрылымын қалыптастыруға мүмкіндік береді.

