Site icon ATAMEKEN

Алматы облысында құрылыс индустриясындағы еңбек мәселелері талқыланды

Алатау қаласында «Әділет» партиясының сайлауалды штаб мүшелері «Кнауф Гипс Қапшағай» ЖШС еңбек ұжымымен кездесті. Жүздесуде өндірістің тұрақты жұмысы, еңбек қауіпсіздігі және кәсіби мамандар даярлау мәселелері сөз болды.

«Кнауф Гипс Қапшағай» кәсіпорны құрылыс саласына қажетті гипсокартон парақтарын, құрғақ құрылыс қоспаларын және гипс негізіндегі өзге де материалдарды шығарады. Кәсіпорын Алатау қаласының Заречный шағын ауданында орналасқан.

«Өндіріс орнына келудегі мақсатымыз – еңбек ұжымының күнделікті жұмысымен танысып, мамандардың пікірін тікелей тыңдау. Кәсіпорынның тұрақты жұмысы ең алдымен осында еңбек ететін адамдардың біліміне, тәжірибесіне және жауапкершілігіне байланысты. Сондықтан өндіріс қызметкерлерімен ашық сөйлесіп, олардың ұсыныстарын тыңдау маңызды», – деді Данияр Қасқарауов.

Жүздесу барысында жұмыс процесін ұйымдастыру, қызметкерлердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету, техникалық мамандарды даярлау және тәжірибелі жұмысшыларды өндірісте тұрақтандыру мәселелері талқыланды.

Кәсіпорын қызметкерлері өндірістік тәртіп, мамандардың біліктілігін арттыру және заманауи технологияларды меңгеру жөнінде пікір білдірді. Сондай-ақ құрылыс материалдарының сапасына қойылатын талаптар мен жұмысшы мамандықтарының маңызы сөз болды.

«Заманауи өндіріс құрал-жабдықпен ғана шектелмейді. Оның негізгі күші – технологияны меңгерген, өнім сапасына жауап беретін және қауіпсіздік талаптарын сақтайтын мамандар. Осындай еңбек ұжымдарында жинақталған тәжірибені тыңдау өндіріс саласындағы нақты жағдайды түсінуге мүмкіндік береді», – деді Жанарбек Әшімжанов.

Кездесу ашық диалог форматында өтті. Қатысушылар кәсіпорын жұмысына және құрылыс индустриясындағы еңбек қатынастарына байланысты пікірлерімен бөлісті.

Exit mobile version