Site icon ATAMEKEN

Алматы облысында 103 қызметіне 403 мыңнан аса қоңырау түскен

 

Алматы облысында тұрғындарға шұғыл әрі сапалы медициналық көмек көрсету жүйесі қарқынды дамып келеді. Өңірдегі жедел жәрдем қызметі мен санитариялық авиация күні-түнi тоқтаусыз жұмыс істеп, азаматтардың өмірі мен денсаулығын сақтауға сақадай сай тұр.
Аймақтағы 1,6 миллионнан астам тұрғынға 147 арнайы бригада тәулік бойы кезекшілікте қызмет көрсетеді. Оның құрамында Қонаев қаласындағы орталық және 13 аудандық қосалқы станция мен ауылдардағы 66 дислокациялық пункт бар. Осындай жүйелі құрылымның арқасында медициналық көмек ең шалғай елді мекендерге де қолжетімді. Жыл басынан бері облыс бойынша 403 мыңнан астам шақыру тіркеліп, мамандар мыңдаған адамға жедел көмек қолын созды. Бүгінде «103» қызметі тегін медициналық көмек аясында қол жетімді.
«Жедел медициналық көмек — бұл денсаулық сақтау жүйесіндегі аса маңызды салалардың бірі. Біздің басты міндетіміз — пациентке уақтылы жету, жағдайын бағалап, қажетті медициналық жәрдемді толық көлемде көрсету. Денсаулығы кенеттен нашарлаған сәтте азаматтардың төлем мәселесіне алаңдамай, көмекке жүгінуі үшін барлық жағдай жасалған. Шақырулар жеделдігіне қарай төрт санатқа бөлінеді, ал аса ауыр жағдайларға бригадалар 10-15 минут ішінде жетеді», — деп атап өтті Алматы облыстық жедел және шұғыл медициналық жәрдем станциясы директорының орынбасары Шолпан Нұрғалиева.
Атап айтқанда, 1-санаттағы шақыруларға жедел жәрдем бригадасы 10 минутқа дейін, 2-санатта 15 минутқа дейін, 3-санатта 30 минутқа дейін, ал 4-санаттағы шақыруларға 60 минутқа дейін жетеді.
Алматы облысының географиялық ерекшелігін ескере отырып, санитариялық авиация қызметінің әлеуеті артқан. Шалғай аймақтар мен уақыт тығыз жағдайларда мамандар тікұшақтар мен арнайы ұшақтар арқылы жедел жетеді. 2026 жылдың 9 айында санитариялық авиация желісі бойынша 210 шала туған нәресте арнайы инкубаторлармен қауіпсіз тасымалданды. Сонымен қатар, білікті дәрігерлер құрамы ауыр жарақат алған, жүрек-қан тамырлары асқынған 143 науқасқа көмек беріп, 270-тен аса ота жасаған.
Медициналық мекемелер заманауи техникамен толық қамтамасыз етілген. Дәрігерлер де шұғыл көмек көрсетуге әрдайым дайын. Осылайша тұрғындарға сапалы медициналық қызмет көрсетіледі.

Exit mobile version