Site icon Атамекен

Алматы облысында 35 мың оқушы бірінші сыныпқа барады

Алматы облысында жаңа оқу жылына қызу дайындық жүріп жатыр. Бұл туралы облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Гүлсара Исағұлова өңірлік коомуникациялар қызметі алаңында баяндап берді.

Өңірде 423 бюджеттік мектеп пен 44 колледж бар. Биыл мектепке 330 мың оқушы, оның ішінде 35 мыңы бірінші сыныпқа барады.

«Оның ішінде аз қамтылған отбасыдан шыққан 27 765 баланы тегін мектеп формасымен және кеңсе заттарымен қамтамасыз ету жоспарлануда. Бір балаға мектеп формасы мен кеңсе тауарларын 37 500 теңгеге алуға болады.
Сондай-ақ, «Мектепке жол» акциясы аясында балаларға 736 млн. теңге көлемінде көмек көрсетілді. Оқулықтар сатып алу және кітап қорын жаңарту үшін 2,7 млрд теңге бөлінді», — деді Гүлсара Тастандынқызы.

Облыстағы барлық мектеп 100 пайыз компьютерлік техникамен жабдықталған және интернет желісіне қосылған. Сондай-ақ, «Күнделік» автоматтандырылған ақпараттық жүйеге 396 білім беру ұйыы қосылған. Цифрлық білім беру ресурстарына 385 мектеп (BilimLand — 384 мектеп, Daryn.online.kz — 1 мектеп) қсылған.

Биыл өңірде 20 мектептің құрылысы жүргізіліп жатыр. Оның 12-ін биыл, 8-ін келер жыл ашу жоспарда бар.

Жаңа оқу жылында 1300 орындық 2 мектеп, сондай-ақ, 250 орындық 2 жекеменшік мектеп, қолданысқа беріледі. Қалған 10-ы жыл соңына дейін оқушыларға есігін айқара ашпақ.

18 білім беру нысанына 8,7 млрд. теңгеге күрделі жөндеу жүргізіліп жатыр. Оның 3-інде жөндеу жұмыстары аяқталған.

Exit mobile version