Жамбыл ауданында ауыл шаруашылығы экономиканың негізгі бағыттарының бірі болып қала береді. 2026 жылдың сегіз айында салада 49 млрд теңгенің өнімі өндірілді. Оның ішінде 10 мың тоннадан астам ет, 23 мың тоннадан астам сүт өндіріліп, жұмыртқа көлемі 60 млн данаға жетті,деп хабарлайды Алматы облысы Өңірлік коммуникациялар қызметі.
Биыл ауыл шаруашылығы дақылдарының жалпы егіс көлемі 106,4 мың гектарға жетті. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 1 702 гектарға артық. Сонымен қатар, жер ресурстарын тиімді пайдалану мақсатында жалпы көлемі 9 мың гектарды құрайтын 27 жер учаскесі мемлекет меншігіне қайтарылды.
Аудан басшысының сөзіне сүйенсек, сүт өндірісін дамыту бағытында да бірқатар жоба жүзеге асырылып жатыр. Үңгіртас ауылындағы «Хеппи Фарм» шаруа қожалығы 1,4 млрд теңге көлемінде жеңілдетілген несие алып, 400 басқа арналған сүт-тауарлы ферманың құрылысын 95 пайызға аяқтады. Қазіргі уақытта мұнда 35 адам жұмыс істейді, тәулігіне 4–5 тонна сүт өндіріліп, «ФудМастер» және «Milk Day» компанияларына өткізіледі.
Сондай-ақ Ақсеңгір ауылдық округінде «ГенаФонд» ЖШС-нің 600 басқа арналған сүт фермасының құрылысы жүргізілуде. Жобаның жалпы құны 2,4 млрд теңге, қазіргі дайындық деңгейі — 75 пайыз. Бұдан бөлек, «Көк теңіз» ЖШС жүгеріні қайта өңдеу және құрама жем өндіру бағытындағы жұмыстарды қолға алған.
Ауданда су ресурстарын үнемдеу мәселесіне де басымдық берілген. Жалпы 22,7 мың гектар суармалы жердің 15,3 мың гектарында су үнемдеу тәсілдері қолданылады. Бұл ауыл шаруашылығы өнімділігін арттырып, су ресурстарын тиімді пайдалануға бағытталған.

