2025 жылдың жартыжылдығында Алматы облысында есірткіге қарсы күрес бағытында кең көлемде жедел-алдын алу іс-шаралары жүргізіліп, нәтижесінде бір тоннадан астам түрлі есірткі заттары заңсыз айналымнан тәркіленді. Бұл туралы Алматы облыстық полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Бағдат Әшімов Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпараттық алаңында өткен баспасөз мәслихатында мәлімдеді.
Жыл басынан бері есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы 111 есірткіге қатысты құқықбұзушылықты анықтады. Оның 66-сы – қылмыстық іс. Олардың қатарында аса ірі көлемде сақтау, сату, дайындау және есірткі жарнамасы бар. Заңсыз айналымнан бір тоннадан астам есірткі тәркіленді. Атап айтқанда, 164 келі синтетикалық есірткі, 21 келі марихуана, 9 келі гашиш, 242 грамм героин және 900 келі жабайы қарасора, – деді Бағдат Әшімов.
Полиция қызметкерлері есірткі өндірумен және өсірумен айналысқан 8 жасырын зертхананы жойды. Анықталған зертханалардың 2 синтетикалық есірткі өндіруге маманданған болса, қалған құрамында есірткілік заттары бар өсімдіктерді заңсыз түрде өсірген.
1 маусымнан бастап облыс аумағында кең ауқымды «Қарасора-2025» жедел-алдын алу іс-шарасы басталды. Шараның мақсаты – заңсыз егістіктерді анықтап, жабайы қарасораны жою, транзиттік арналарды кесу және ұйымдасқан қылмыстық топтарды әшкерелеу.
Операция басталғалы 12 қылмыстық құқықбұзушылық тіркелді. Олардың ішінде – сату, аса ірі көлемде сақтау және заңсыз өсіру фактілері бар. Мысалы, Іле ауданында сату фактісі, ал Талғар ауданында есірткіні сақтау бойынша 9 дерек тіркелді, оның 2 – аса ірі көлемде, – деді Бағдат Әшімов.
Бақылауды күшейту мақсатында Алматы–Бішкек және Алматы–Өскемен тас жолдарында түнгі жылжымалы 2 бірдей блокбекет қойылды. Күн сайын әр көлік мұқият тексеріледі.
Есірткіге қатысты күмәнді деректер туралы 102 нөміріне анонимді түрде хабарлауға болады.Қоғамдық қауіпсіздікті сақтау мен есірткі қылмысына қарсы күресте әрбір азаматтың үлесі маңызды
Алматы облысында 8 есірткі зертхана жойылып, 1 тоннадан астам есірткі тәркіленді
RELATED ARTICLES