Site icon ATAMEKEN

Алматы облысында 9 айда 25,2 млрд теңге бюджет қаражаты қалпына келтірілді

 

Алматы облыстық Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпараттық алаңында Алматы облысы бойынша Тексеру комиссиясының қатысуымен баспасөз мәслихаты өтті. Жиында комиссия мүшесі Қуаныш Есенаманов 2026 жылдың қаңтар-қыркүйек айларындағы аудиторлық қызметтің негізгі қорытындыларын таныстырды.

Есепті кезеңде Тексеру комиссиясы 10 тиімділік аудитін және 1 сараптамалық-талдамалық іс-шара жүргізіп, 250 аудит нысанын қамтыды. Мемлекеттік аудит барысында жалпы сомасы 393 млрд теңгеден астам қаражат тексерілді.

Аудит жұмыстарының нәтижесінде бюджет қаражатын пайдалану тиімділігіне қатысты бірқатар мәселелер анықталып, оларды шешу бойынша нақты шаралар қабылданды. Атап айтқанда, қалпына келтіруге және өтеуге жататын 30,5 млрд теңгенің 25,2 млрд теңгеден астамы есепті кезеңде бюджетке қайтарылып, өтелді.

Сонымен қатар, аудит қорытындысы бойынша мемлекеттік аудит объектілеріне 46 міндетті тапсырма мен 11 ұсыныс жолданды. Бұл шаралар бюджет қаражатын жоспарлау мен пайдалану сапасын арттыруға, мемлекеттік активтерді тиімді басқаруға және қаржылық тәртіпті нығайтуға бағытталған.

Аудит нәтижесінде анықталған бұзушылықтар бойынша 120 лауазымды тұлға тәртіптік, 81 тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Айыппұлдар есебінен бюджетке 13,4 млн теңге түсті.

Жүргізілген жұмыстар мемлекеттік қаржының тиімді әрі мақсатты жұмсалуын бақылауды күшейтуге және бюджет қаражатын пайдалану кезінде заңдылықтың сақталуын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Exit mobile version