Алматы облысында инженерлік инфрақұрылымды кешенді дамыту бойынша жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Қазіргі уақытта жылумен қамту, сумен жабдықтау, су бұру, электрмен қамту және газдандыру жүйелерін жаңғырту мен салу бағытында ауқымды жобалар жүзеге асырылып жатыр. Бұл – тек техникалық міндеттер ғана емес, сонымен қатар халықтың өмір сапасын арттыруға, кәсіпкерлік, туризм мен әлеуметтік саланың дамуына қолайлы жағдай жасауға бағытталған стратегиялық қадамдар.
Бүгінде Алматы облысының Энергетика және сумен жабдықтау басқармасы аудан әкімдіктерімен бірлесіп 127 жобаны жүзеге асыруға кірісті. Оның ішінде: 15 жоба – жылумен қамту, 25 – электрмен жабдықтау, 13 – газдандыру, 54 – сумен жабдықтау және 20 жоба – су бұру саласына тиесілі. Бұл бағыттардың әрқайсысы өңірдің орнықты дамуына үлес қосатын маңызды тетік саналады.
Жылумен қамту мәселесі – басты назарда. Биыл Талғар және Еңбекшіқазақ аудандарында 15 модульдік қазандықтың құрылысы басталды. Бұл мақсатқа жергілікті бюджеттен 3,08 млрд теңге бөлінді. Жоспарға сәйкес, алдағы жылыту маусымында 52 көпқабатты үй орталықтандырылған жылумен қамтамасыз етіледі. Құрылыс жұмыстары 2025 жылдың қыркүйегінде толық аяқталады деп күтілуде.
Электрмен қамту бағытында да айтарлықтай ілгерілеу бар. Жалпы құны 8,1 млрд теңгені құрайтын 25 жоба жүзеге асырылуда. Оның 18-і – алдыңғы жылдан өтпелі жобалар болса, 7 жоба – жаңадан басталған. Көптеген нысандар биылғы күзде пайдалануға беріледі. Сонымен қатар, халық пен кәсіпкерліктің өсіп келе жатқан сұранысын өтеу үшін жаңа қосалқы станциялар салу көзделуде.
2025 жылы 13 елді мекенді газдандыру үшін 11 млрд теңге бөлінді. Бұған дейінгі кейбір жобаларда техникалық қиындықтар мен мердігерлер тарапынан жіберілген кемшіліктерге қарамастан, жұмыс қарқынды жүргізілуде. Кіші Байсерке, Еламан және Шілібастау ауылдарындағы жобалар жоспарға сай іске асуда. Сондай-ақ, Қонаев, Алатау қалаларында және Қарасай, Жамбыл, Балқаш аудандарында жаңа құрылыс жұмыстары басталды.
Жобалардың бірқатары инвесторларды тарту арқылы жүзеге асырылуда. Матибұлақ, Достық және Тереңқара ауылдарындағы инфрақұрылым нысандары сәтті аяқталды. Бұл – ынтымақтастық туралы меморандумдар аясында тиімді жұмыстың нақты нәтижесі.
2024 жылы сумен жабдықтау бойынша 43, ал су бұру бағытында 20 жобаның құрылыс-монтаж жұмыстары жүргізілуде. Жалпы ұзындығы 1300 шақырымнан асатын желілердің құрылысына 28,9 млрд теңге бөлінген. Қазіргі таңда 19 жобаға мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысы алынды, тағы 66 жоба бойынша жобалық-сметалық құжаттама дайындалып жатыр.
Бұл жұмыстар аяқталған соң, өңірдегі су жүйелерінің тозу деңгейі едәуір төмендеп, халық сапалы ауызсумен тұрақты қамтамасыз етіледі.
Айта кету керек, жылу тұтынушыларының 98%-ын халық құрайды. Олар үшін төмендетілген тарифтер қолданылатыны белгілі. Осыған байланысты жылу жеткізуші мекемелердің қаржылық тұрақтылығын сақтау мақсатында мемлекет тарапынан субсидиялар қарастырылған. 2025–2026 жылдары тұрақты жылыту маусымын қамтамасыз ету үшін 2,5 млрд теңге қарастырылған, оның ішінде 1,7 млрд теңгесі — облыстық бюджеттен.
Алматы облысының Энергетика және сумен жабдықтау басқармасының басшысы Айдын Бегімбетовтің айтуынша:
«Біздің басты міндетіміз – облыс тұрғындарын сапалы және тұрақты коммуналдық қызметтермен қамтамасыз ету. Біз инженерлік инфрақұрылым мәселелерін кешенді түрде шешіп жатырмыз: тозған желілерді жаңғыртамыз, заманауи технологияларды енгіземіз, жеке инвестицияларды тартамыз және жобалардың орындалу мерзімі мен сапасына бақылауды күшейтеміз. Бұл – өңірдің орнықты дамуына берік негіз».
Инженерлік инфрақұрылымды дамыту – бұл тек тұрмыстық жағдайды жақсарту ғана емес, сонымен бірге өңірдің экономикалық өсуіне, әлеуметтік тұрақтылыққа және инвестициялық тартымдылыққа жол ашатын қуатты серпін. Әрбір іске асырылған жоба – халықтың жайлы әрі қауіпсіз өміріне қосылған үлес, болашақтың берік іргетасы.