Алматы облысында көктемгі дала жұмыстарына 3 650 тонна , күзгі егін басындағы еңбекке 201 ауыл шаруашылығы тауар өндірушісінен 1 366,7 тонна дизель отынына өтінім қабылданып, шаруашылықтарға уақтылы жеткізілді. Бұл туралы облыстық ауылшаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Димаш Сыдықов баспасөз мәслихатында айтты.
Дизель отыны аудандар бойынша нақты бөлініп, Райымбек ауданына 313,8 тонна, Жамбыл ауданына 193,6 тонна, Еңбекшіқазақ ауданына 162,3 тонна, Іле ауданына 186,5 тонна, Ұйғыр ауданына 37,8 тонна, Кеген ауданына 56,3 тонна, Қарасай ауданына 111,4 тонна, Талғар ауданына 120,9 тонна, Қонаев қаласына 159,1 тонна және Балқаш ауданына 25 тонна жөнелтілді.
«2025 жылға облысқа 5 016,7 мың тонна дизель отыны жоспарланған. Сонымен қатар қосымша 3,0 мың тонна көлемінде сұраныс беріліп, ауыл шаруашылығы өндірушілерінен өтінім қабылдау жалғасып жатыр. Қазіргі таңда қосымша бөлінген көлемнің 43,3 тоннасы шаруашылықтарға жеткізілді», — дейді спикер.
Ауыл шаруашылығы тауар өндірушілеріне ұсынылатын дизель отынының бағасы нарықтық деңгейден 26 пайыз төмен – литрі 250 теңге. Көктемгі және күзгі дала жұмыстарына арналған өтінімдерді қабылдау 1–30 желтоқсан аралығында жүргізіледі.
Облыста ауыл шаруашылығы саласында техника паркін жаңарту бағытында да ауқымды жұмыстар атқарылып келеді. Биыл 490 бірлік жаңа техника сатып алу көзделген болса, қазіргі таңда 6,3 млрд теңгеге 391 бірлік техника алынған. Жоспардың 79,7 пайызға орындалған. Оның ішінде «ҚазАгроҚаржы» арқылы 4,5 млрд теңгеге 258 техника, ал шаруалардың өз қаражаты есебінен 1,8 млрд теңгеге 133 техника сатып алынды.
Аталған шаралар өңірдің ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерін қолдауға, маусымдық дала жұмыстарын уақытылы ұйымдастыруға және өнімділікті арттыруға елеулі ықпал етеді.

