Site icon ATAMEKEN

Алматы облысының 29 дәрігері шетелде кәсіби біліктілігін арттырды

 

Алматы облысының денсаулық сақтау саласының мамандары Ресей мен Беларусьтегі жетекші медициналық орталықтар мен оқу орындарында кәсіби тәжірибесін жетілдірді. Биыл облыстық медициналық ұйымдардан 29 дәрігер шетелдік озық тәжірибе мен жаңа технологияларды меңгеру мақсатында іс‑сапарға жіберілді.

Дәрігерлер Санкт‑Петербургтегі В.А. Алмазов атындағы Ұлттық медициналық зерттеу орталығы, Санкт‑Петербург мемлекеттік педиатриялық медицина университеті және Беларусьтегі «Мать и дитя» республикалық ғылыми‑тәжірибелік орталығы сияқты жетекші ғылыми және клиникалық орталықтарда білімдерін арттырды. Олар балалардағы онкологиялық және гематологиялық аурулардың ерте белгілері, ерте даму және араласу, жедел кардиология, сондай-ақ хирургиялық ауруларды емдеудегі аз инвазивті технологиялар бағыттары бойынша практикалық дағдыларын жетілдірді.

Алматы облысы Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Ержан Сүлейменов:

«Дәрігерлердің шетелдік тәжірибеден өтуі өңір тұрғындарына көрсетілетін медициналық көмектің сапасын арттырудың маңызды бөлігі. Алынған білім мен тәжірибені әрбір аудан мен қалада тиімді қолданамыз, бұл әсіресе балалар мен созылмалы аурулары бар науқастар үшін өте маңызды», — деді.

Барлық іс‑сапарлар облыстық денсаулық сақтау басқармасының қолдауымен ұйымдастырылып, дәрігерлер алған білімін тұрғындардың денсаулығын жақсарту мен жаңа емдеу әдістерін енгізу үшін қолданатын болады.

Exit mobile version