Саяжай алқабының аумағын жақын маңдағы елді мекендердің шекарасына енгізе отырып, бас жоспарларды түзету бойынша жұмыстар аяқталды. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпараттық алаңында сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы Болат Мусылманбеков баяндады.
Алматы облысында барлығы 674 саяжай бар.Атап айтсақ, Қарасай ауданында 200, Іле 157, Талғар 152, Еңбекшіқазақ 135, Жамбыл аудандарында 21 және Қонаев қаласында 9 саяжай орналасқан.
Спикердің айтуынша, қазіргі таңда 333 саяжайды жақын маңдағы елді мекендердің шекарасына енгізе отырып, бас жоспарды өзгерту жұмыстары аяқталды. Мәселен, Іле ауданында 5 елді мекеннің бас жоспарына 109 саяжай, Қарасай ауданында 4 елді мекеннің шекарасына 88 саяжай ,Талғар ауданында 6 елді мекеннің шекарасына 92 саяжай, Еңбекшіқазақ ауданында 2 елді мекеннің шекарасына 44 саяжай массиві қосылады.
«Саяжайлардың қосылу жоспары былтырдан бері қаралуда.Алдымен оларға елді мекен мәртебесі берілуі керек. Қазіргі таңда тұрғындар санын есептеп, бала-бақшалар мен мектептер саны бас жоспарға кіргізілуде. Халықпен бірге тыңдаулар өткіздік. Ұсыныстарды мәслихат шешімімен бекітіп жатырмыз»-,деді Болат Аманжолұлы