Өңірде бүкіл әлем назарын аударатын ерекше шараға дайындық жүріп жатыр. Ұзындығы 9 шақырымға жететін керуен бір шақырымдық жолды жүріп өту арқылы Гиннестің рекордтар кітабына енуді көздейді.
Бұл бастама Жұмысшы мамандықтар жылы аясында ұйымдастырылып отыр.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Еңбек адамы – мемлекеттің дамуының негізі. Сондықтан біз жұмысшы мамандықтарының мәртебесін көтеріп, жастарды сұранысқа ие кәсіптерді игеруге ынталандыруымыз және олардың кәсіби дамуына барлық жағдайды жасауымыз қажет. Біз еңбек адамының мәртебесін нығайтып, ел экономикасын жаңа деңгейге көтеруге міндеттіміз», — деген болатын.
Шараның басты мақсаты – еңбек адамының мәртебесін көтеріп, қоғамдағы рөлін айқындау. Сонымен қатар бұл мәдени әрі экономикалық тұрғыдан маңызды бастама агротуризмнің дамуына серпін бермек.
Керуенге өңірдегі ірі қожалықтардың бірі – «Дәулет-Бекет» ЖШС-нің «Ойсылқара» түліктері қатысады. Әр түйеге бір адамнан бекітіліп, барлығы 1000 түйе мен 1000 ерікті белгіленген межеге жетпек. Қожалықта бүгінде 200-ден астам адам еңбек етеді, ал түйе саны 5 мыңға жуық. Мұнда шұбат пен құрғақ сүт өндіріліп, отандық өнімдер шетел нарығына да шығарылады.
«Жаңа рекорд дәстүріміздің байлығын және еңбек адамының еңбегін әлемдік деңгейге шығаратынын көрсетеді. Бұл агротуризмнің мүмкіндіктерін кеңейтіп, өңір экономикасын жандандырады. Маңызды шараның өтуіне облыс әкімдігі қолдау білдіріп отыр. Бұл – менің ғана емес, тұтас елдің жеңісі», — деді Қожалық басшысы Сыдық Дәулетов.
Гиннестің рекордтар кітабына ену оңай емес. Қатаң талаптар мен нақты ережелер сақталуы қажет. Эксперт Рамазан Көшербайдың айтуынша, дайындық алты ай бұрын басталған.
«Әр түйенің арақашықтығы 4 метрден аспауы тиіс. Жасы жетіге толған түліктер ғана қатысады. Денсаулығы тексеріліп, арнайы құжаттары болуы шарт. Түйелерге ешқандай жабын жабылмайды», – деді ол.
20 қыркүйек күні Іле ауданы, Ақши ауылында ақшаңқан киіз үйлер тігіліп, мерекелік бағдарлама ұйымдастырылады. Шараны 5 мыңнан астам көрермен тамашалайды деп күтілуде. Өнер жұлдыздары да сахнаға шығып, мерекелік көңіл-күй сыйлайды.
«Ақшидегі түйе керуені – ұлттық бірліктің және мәдени мұрамыздың символы. Бұл мыңдаған туристі тартып, өңірдің мәдени брендіне айналуы мүмкін. Жұмысшы кәсіптер жылы аясында дәстүріміз қоғам бірлігін нығайтып, жаңа жұмыс орындарын ашуға әрі Қазақстанды халықаралық аренада танытуға жол ашады», — деп Алматы облысы Мәдениет басқармасының басшысы Данияр Әлиев бастаманың халықаралық маңызын атап өтті.
Шараның шарықтау сәті – әлемдегі ең үлкен түйе керуенінің ресми түрде Гиннестің рекордтар кітабына тіркелуі болмақ.