Site icon ATAMEKEN

Алматы облысы: Жамбыл ауданында 24 инвестициялық жоба жүзеге асырылады

Жамбыл ауданында 2026 жылдың алғашқы сегіз айында негізгі капиталға 60 млрд теңге инвестиция тартылды. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 5 млрд теңгеге артық, деп мәлімдеді аудан басшысы Нұрлан Ертас БАҚ өкілдерімен өткен баспасөз мәслихатында.

Инвестициялық белсенділіктің артуы ауданның өнеркәсіптік әлеуетін кеңейтіп, жаңа өндіріс орындарын ашуға мүмкіндік беріп отыр.
Қазіргі таңда ауданда 91 өнеркәсіптік нысан жұмыс істейді. Бұл кәсіпорындарда 1 500-ден астам адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Өндіріс орындары құрылыс материалдарын шығару, тас өңдеу және басқа да өңдеу салаларында қызмет көрсетеді. Есепті кезеңде өнеркәсіп өнімінің көлемі 23,3 млрд теңгеге жеткен.
«Алдағы жылдары ауданда инвестициялық жобаларды жүзеге асыру жұмыстары жалғасады. 2029 жылға дейін жалпы құны 1 трлн 80 млрд теңге болатын 24 жобаны іске асыру жоспарланған. Нәтижесінде 10 500 жаңа жұмыс орнын ашу көзделіп отыр. Биылдың өзінде 18 жоба аясында 58 млрд теңге инвестиция тарту жоспарланған»,-деді аудан әкімі Нұрлан Ертас.
Ірі жобалардың қатарында Ақсеңгір ауылдық округінде жүзеге асырылатын «Алматы құс фабрикасы Жетісу» жобасы бар. Құны 200 млрд теңге болатын кәсіпорынды 2030 жылы іске қосу жоспарланған. Өндіріс қуаттылығы жылына 120 мың тонна құс етін өңдеуге жетіп, 3 000 жаңа жұмыс орны ашылады деп күтілуде.

Exit mobile version