Site icon ATAMEKEN

Алматы облысы: Жамбыл ауданында 4,4 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылады

 

Жамбыл ауданында халықты жұмыспен қамту және кәсіпкерлікті дамыту бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. 2026 жылы аудан бойынша 4 472 жаңа жұмыс орнын ашу жоспарланған. Бұл туралы аудан әкімі Нұрлан Ертас баспасөз мәслихаты барысында айтты.
Сегіз айдың қорытындысы бойынша 3 515 жұмыс орны құрылып, жылдық жоспардың 79 пайызы орындалды.
Қазіргі уақытта ауданда 12 487 шағын және орта кәсіпкерлік субъектісі жұмыс істейді. Бұл салада 23 930 адам еңбек етеді. Өткен жылмен салыстырғанда кәсіпкерлік саласында жұмыспен қамтылғандар саны 649 адамға артқан. Сонымен қатар, шағын және орта бизнес субъектілерінен бюджетке 4,8 млрд теңге салық түсті.
«Ауылдардағы кәсіпкерлік белсенділікті арттыру үшін «Бір ауыл – бір жоба» бағдарламасы жүзеге асырылуда. Бағдарлама аясында ауданның 24 елді мекенінде 62 жобаны іске асыру жоспарланған. Жобалардың жалпы құны — 8,1 млрд теңге. Олардың толық жүзеге асуы нәтижесінде 1 110 жаңа жұмыс орны ашылады деп күтілуде»,-деді Нұрлан Ертас өз сөзінде.
Ауданның экономикалық мүмкіндіктерін кеңейтуде ірі инвестициялық жобалардың да маңызы зор. Жаңа өндіріс орындарының ашылуы мен кәсіпкерлік бастамаларды қолдау жергілікті тұрғындардың тұрақты жұмыспен қамтылуына, отбасылық табыстың артуына және бюджет кірісінің өсуіне ықпал етеді.
Алдағы уақытта да аудан экономикасын әртараптандыруға, ауылдарда шағын өндірістер ашуға және тұрғындардың өз кәсібін бастауына қолайлы жағдай жасауға басымдық беріледі.

Exit mobile version