Site icon Атамекен

Алматы облысы цифрлық болашаққа сенімді қадам басып келеді

Алматы облысы жасанды интеллектті дамыту бағытын жүйелі түрде жүзеге асырып келеді. Бұл туралы Алматы облысы Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпараттық алаңында өткен баспасөз мәслихатында белгілі болды. Жиында өңірдің цифрлық трансформация бағытындағы жетістіктері мен алдағы жоспарлары таныстырылды.
Баспасөз мәслихатында Алматы облысының Цифрлық технологиялар басқармасы басшысының орынбасары Олжас Артықбай және «Alatau Hub» аймақтық IT хабының директоры Бексұлтан Нұрақын сөз сөйледі.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті міндеттер және оларды цифрлық трансформация арқылы шешу» атты Жолдауында цифрландыру мен жасанды интеллект технологияларын еліміздің барлық саласына енгізу — стратегиялық міндет екенін атап өткен болатын. Алматы облысы бұл бағытта нақты іс-қимылдарға көшіп, республикадағы алдыңғы қатарлы өңірлердің біріне айналып отыр.
«Біз республика бойынша алғашқылардың бірі болып өз жасанды интеллект жүйемізді – Qonaev AI-ды пилоттық режимде іске қостық. Бұл жүйе облыстық әкімдіктер мен басқармалардың деректерін біріктіріп, нақты шешімдер қабылдауға мүмкіндік береді. Қазіргі таңда жүйе біздің басқарманың мәліметтері негізінде оқытылып жатыр. Алдағы уақытта облыс көлеміндегі барлық деректерді орталықтандыру жоспарлануда,» – деді Олжас Артықбай.
Сонымен қатар, облыстағы 9 425 бейнебақылау камерасына жасанды интеллект технологиялары енгізілген. Олар тұлғаларды тану, қауіпті заттарды анықтау, төтенше жағдайлардың алдын алу сияқты функциялармен жабдықталған. Білім беру ұйымдарында Face ID және QR-код арқылы кіру жүйесі іске қосылған. Бұл балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Орман шаруашылығы саласында да интеллектуалды жүйелер енгізілуде. Қазіргі таңда 18 елді мекенде орман өрттерін ерте анықтауға арналған арнайы камералар орнатылған. Олар түтін мен жалынды автоматты түрде тіркеп, жедел ескерту жүйесін іске қосады.
«Президент тапсырмасына сәйкес, біз Astana Hub тәжірибесін өңірге енгіздік. Alatau Hub – бұл жай ғана кеңсе емес, IT мамандарды, стартаперлерді және жастарды қолдайтын толыққанды инновациялық экожүйе. Биылдың өзінде хаб аясында 900-ден астам адам қатысқан түрлі іс-шаралар ұйымдастырылды. 112 жас no-code және low-code курстарынан өтті. Сондай-ақ, 500-ден астам мемлекеттік қызметкер ChatGPT, Copilot, Midjourney сияқты құралдарды қолдануды меңгерді,» – деді Бексұлтан Нұрақын.
Айта кетейік, Алматы облысы халықаралық ынтымақтастықты да белсенді дамытып отыр. Alatau Hub өкілдері Берлин, Нью-Дели және Қытайда өткен технологиялық форумдарға қатысып, өңірдің инновациялық әлеуетін шетелде таныстырып жүр.
«Жасанды интеллект – бұл жай ғана технология емес. Ол – экономикалық өсімді қамтамасыз етудің, мемлекеттік басқарудың тиімділігін арттырудың және халықтың өмір сүру сапасын жақсартудың негізгі факторы. Біз бұл мүмкіндікті нақты нәтижеге айналдыру үшін жүйелі және кезең-кезеңмен жұмыс жүргізіп келеміз,» – деп қорытындылады спикерлер.

Exit mobile version