Жылдар бойы ата-бабаларымыз қазақ тілін қалыптастыру үшін өлшеусіз тер төгіп, еңбектенді. Солардың бірі – Ахмет Байтұрсынұлы. Ол қазақ тіл білімі мен əдебиеттану ғылымдарының негізін салушы ғалым, ұлттық жазудың реформаторы. Ахмет Байтұрсынұлы 1910 жылдан бері қазақ əліппесі мен қазақ тілі оқулықтарын жазуды қолға алған. Демек, ол атадан балаға мирас болып қалып отыратын баға жетпес мұра. Сонымен қатар, өскелең ұрпақ үшін ата-бабамыз қалыптастырып кеткен тілді одан əрі осы қалпында ұстап тұру – бізге жүктелген үлкен міндет. Біздің ұлт болып қалуымыз тікелей ана тілімізге, яғни қазақ тіліне байланысты.
Тіл – қай ұлтта, қай елде болса да қастерлі, құдіретті. Ол əрбір адамға ана сүтімен бірге еніп, қалыптасады.
Тіл байлығы – əрбір елдің ұлттық мақтанышы. Демек, əр адам ана тілін көзінің қарашығындай қорғауға, оның орынсыз шұбарлануына қарсы тұруға міндетті. Сонымен қатар, өз тілін аялап, ардақтай отырып, өзге ұлттың тіліне де құрмет көрсету біздің əрбіріміздің биік мəдениетіміздің деңгейін аңғартады.
Қазақ тілім – өз тілім, ана тілім,
Абай, Мұхтар сөйлеген дана тілім.
Қастерлейді ұл-қызың мəңгі сені,
Болашағым, бақытым дара тілім! – – демекші, ең құнды қазынаның бірі – тіл екенін ұлтын сүйетін əрбір азамат білуі тиіс.
Аида ҚҰТТЫБАЕВА,
Қасымбек ауылындағы орта мектептің қазақ тілі мен əдебиеті пəні мұғалімі.