Site icon Атамекен

Ар өлшемі — ана тіл

Мынау жарық дүниеге көзімді ашып келгеннен бастап, ананың əлдиімен бойыма сіңірген тілім мен үшін ең қастерлі, ең қымбат байлық. Жасың ұлғайған сайын ана тіліңнің қадір-қасиетін біліп, ардақтай түседі екенсің, бойыңды оған деген мақтаныш сезім билейтін көрінеді.

Ана тіліміз – ата-бабамыздан мирас болып келе жатқан баға жетпес мұра. Демек, əр адам ана тілін көзінің қарашығындай қорғауға, оның тазалығын сақтауға міндетті. Амал не, тілімізді шұбарлап, оған бөтен сөз араластырып сөйлейтін дардай адамдар мен жастарды көргенде жүрегің қан жылайды.

Ана тілі – əрбір жанның арының өлшемі. Ендеше, тілді шұбарлау – арды шұбарлау, көңіл тұнығын лайлау. Ана тіліңде таза сөйлеу, басқа тілді меңгеруіңе бөгет болмайды. Қайта сені адамгершілікке, шын патриот болуға жетелейді. Ана тілінің терең иірімдеріне бойлай білу – саналы азамат болғысы келетін əрбір жас өркеннің басты парызы. Ол – туған жеріңді, еліңді, сүйікті Отаныңды сүйе білу деген сөз. Ата-анаға, аяулы əжеге, ұрпағымыз бен немерелерімізге ана тілінің қадірін білуді, ана тілінде сөйлеуді, кітапты көбірек оқуды, салт-дəстүрімізді көздің қарашығындай сақтауды үйреткен абзал.

Мен əлемдегі ең бай, ең көркем – қазақ тілінің құдіретіне сенемін. Тіліміз – бірлігіміздің тірегі, халқымыздың ұлттық байлығы.

 Мен жастарды «Өзге тілдің бəрін біл, өз тіліңді құрметте» деп ақын Қ.Мырзалиев айтқандай, басқа тілді біле тұрып, ең алдымен өз ана тілін ұлықтауға, оның мəртебесін көтеруге, құрметтеуге шақырамын! Тəуелсіздіктің тірегі – мемлекеттік тілдің ғұмыры ұзақ болатынына аналық жүрекпен сенемін жəне жастарға зор үміт артамын.

З.СМАҒҰЛҚЫЗЫ,

Қарғалы ауылдық округі аналар Кеңесінің төрағасы, «Асыл əже, ару келін» халықтық ансамблінің көркемдік жетекшісі.

Exit mobile version