Астанада ауыл шаруашылығы санағына дайындық бойынша оқыту семинары өтті Астанада ауыл шаруашылығы бойынша ұлттық санақтың басталуына орай, Ұлттық статистика бюросының аумақтық бөлімшелерінің қызметкерлеріне арналған оқыту семинары өтті. Оған елдің барлық өңірінен келген 60 маман қатысты.
Семинардың мақсаты – санақтың барлық кезеңінде деректердің сапасын бақылау, тексеру және растау бағытында қатысушылардың біліктілігін арттыру.
Халықаралық стандарттарға сәйкес деректерді өңдеу, далалық жағдайда ақпаратты бақылау және тексеру, сондай-ақ цифрлық бақылау құралдарын қолдану мәселелеріне ерекше назар аударылды.
Қатысушылар практикалық сабақтар өткізіп, нақты жағдайлармен жұмыс істеді, жиі кездесетін қателерді талдап, Data Inspection жүйесінде жаттығулар жасады.
Деректерді жергілікті жерде тексерудің негізгі кезеңдері – учаскелерді басымдыққа бөлу, бақылау аралауын жүргізу және жүйеде ақпаратты түзету бойынша тәжірибе жасап көрді.
Еске сала кетейік, ауыл шаруашылығы санағы Қазақстанның барлық өңірін қамтиды. Оның мақсаты – аграрлық сектордың жай-күйі туралы нақты әрі өзекті ақпарат жинау: пайдаланылатын жер құрылымы, шаруашылық жүргізу нысандары, мал басының саны, техникамен қамтамасыз ету және басқа да маңызды көрсеткіштер. Жиналған мәліметтер аграрлық саясат пен мемлекеттік қолдау шараларын тиімді қабылдауға негіз болады.
Семинар БҰҰ Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымының (ФАО) қолдауымен өтті