Елордада «Заң және тәртіп» қағидаты мен республикалық «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында қоғамдық тәртіпті сақтау және тазалық мәдениетін қалыптастыруға бағытталған күнделікті профилактикалық рейдтер жалғасып жатыр.
Кезекті рейд Астана қаласының Нұра ауданындағы Орталық саябақ аумағында өтті. Іс-шараға аудан әкімдігінің қызметкерлері, Нұра аудандық полиция басқармасының мамандары және еріктілер қатысты.
Рейдтің негізгі мақсаты – тұрғындар мен қала қонақтары арасында қоғамдық тәртіпті сақтау мәдениетін қалыптастыру, қоршаған ортаға ұқыпты қарауды насихаттау және экологиялық жауапкершілікті арттыру.
Іс-шара барысында саябаққа келген демалушыларға түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, арнайы ақпараттық жадынамалар таратылды. Мамандар қоғамдық орындарда тазалық сақтаудың маңызын түсіндіріп, тұрмыстық қалдықтарды арнайы қоқыс жәшіктеріне тастауға және табиғатты қорғауға шақырды.
Нұра аудандық полиция басқармасы қоғамдық тәртіп бөлімінің бастығының орынбасары Азамат Әжібаевтың айтуынша, мұндай шаралардың басты мақсаты – қоғамда құқықтық әрі экологиялық мәдениетті қалыптастыру.
– Бүгінгі іс-шараның негізгі мақсаты – қоғамдық тәртіппен қатар экологиялық мәдениетті де нығайту. Әсіресе жаз мезгілінде табиғат аясына шыққан азаматтарды өздерінен кейін қоқыс қалдырмауға, табиғатқа жанашырлықпен қарауға шақырамыз. Жастар арасында түсіндіру жұмыстарына ерекше көңіл бөлінуде. Заңға құрмет пен қоршаған ортаға жауапкершілік бала кезден қалыптасуы тиіс, – деді ол.
Астана қаласының тұрғыны Әділет Омаров мұндай бастамалардың қоғам үшін маңызы зор екенін атап өтті.
– Бүгін отбасымызбен табиғат аясында демалуға шықтық. Біз балаларымызды қоғамдық тәртіпті сақтауға және қоршаған ортаны қорғауға үнемі тәрбиелейміз. «Таза Қазақстан» жобасын әрдайым қолдаймыз, оның маңызын үйде балаларымызға да, жұмыс орнындағы әріптестерімізге де түсіндіреміз. Елімізде заң мен тәртіп үстем болып, қоғамда тыныштық орнап, табиғатты аялау әр азаматтың өмірлік қағидатына айналса дейміз, – деді қала тұрғыны.
Айта кетейік, «Заң және тәртіп» қағидаты мен «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясындағы мұндай профилактикалық рейдтер Астананың барлық алты ауданында тұрақты түрде өткізіліп келеді. Бұл жұмыстар азаматтардың құқықтық сауаттылығын арттыруға, құқық бұзушылықтың алдын алуға және экологиялық мәдениетті қалыптастыруға бағытталған.

